Ұстаздар күні: Қазақстанда 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

 Бүгін Қазақстанда Ұстаздар күні аталып өтіп жатыр. Қазір еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейінде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді, деп хабарлайды «24KZ».

Оның ішінде мектептерде 420 мыңға жуық мұғалім, мектепке дейінгі ұйымдарда 104 мыңнан астам маман және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарында 42 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Білім беру саласында әйел мамандардың үлесі басым.

Педагогтер арасында еңбек өтілі ұзақ мамандар да көп. Мектептерде 53 мыңнан астам ұстаздың еңбек өтілі 30 жылдан асады. Ал 73 мыңнан астам педагог осы салада 20 жылдан 30 жылға дейін еңбек етіп келеді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда 5 мыңнан астам, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан жоғары.

Айта кетейік, Қазақстанда Ұстаздар күні 2023 жылдан бастап жыл сайын 5 қазанда атап өтіледі. Бұған дейін кәсіби мереке қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланған.

5 қазан – Дүниежүзілік мұғалімдер күні. Бұл дата 1994 жылдан бері аталып келеді. Ал 1966 жылғы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымы мұғалімдердің мәртебесіне қатысты маңызды құжат қабылдаған.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз