Қазақстанда үш жылдық бакалавриат жүйесі енгізілуі мүмкін
Алайда бұл мүмкіндік барлық мамандық пен жоғары оқу орнына қатысты емес.
Оқу мерзімін қысқартуға қандай талаптар қойылады және бұл жүйе қалай жүзеге асады?
2035 жылға қарай Қазақстан экономикасына 3 миллионға жуық кадр қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандық өкілдері. Еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, Құрылтай депутаты Махамбет Хасенов жоғары оқу орындарындағы оқу мерзімін оңтайландыруды ұсынды. Оның пікірінше, IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, сервис және туризм бағыттарында үш жылдық бакалавриат жүйесін қолдануға болады.
Махамбет Хасенов, ҚР Құрылтай депутаты:
- Қонақ үйдің бизнесі, ресторан бизнесі, маркетинг, айти салалардағы балаларды үш жылға дейін қысқартуды ұсындым. Менің ұсынысым дуалды системаны қолдану, көбірек практиканы қолдану. Алған білімді қысқартуға болмайды, уақыт жағынан оптимизация жасап, сәл қысқартуға болатынын біз зерттеп таптық.
Үш жылдық бакалавриаттың тәжірибесі елдегі бірнеше жоғары оқу орнында бар. Мәселен, Astana IT University-де 15 мамандық бойынша білім алуға болады. Биыл олардың қатарына цифрлық құқық бағыты қосылды.
Алия Койтанова, Astana IT University тіркеуші офисінің басшысы:
- Егер басқа университтерде бір жылда 60 кредит игерелітен болса, біздің университетте, яғни бір жылда 80 кредит игереміз. Интенсивті түрде білім беру бағдарламасы қарастырылған. Біз бірінші курста іргелі пәндерін оқытамыз, екінші курста инструменталды және үшінші курста индустриалды. Сонда 3-курс студенттері бізде бірден өндірістік тәжірбиеден өтіп, компанияларға қызмет ете алады.
Үш жылдық білім беру жүйесінде оқыған түлектің бірі Айгерім Ғинаятова. Ол 2024 жылы университетті бітіріп шықты. Диплом алғаннан кейін көп ұзамай мамандық бойынша жұмысқа орналастым, дейді.
Айгерім Ғинаятова, Astana IT University түлегі:
- Маусым айының соңында дипломды қолыма алып, қыркүйек айында бірден жұмысқа тұра алдым. Оқу қарқыны кішкене тығыздау болды, бірақ ондай жүкетеме жоғары болды деп айта алмаймын. Менің ойымша, бұл біздің университетіміздің администрациясы мен студенттердің өздерінің уақытын қалай жоспарлауына байланысты. Мен бұл жүйені қолдаймын. Өзімнің тәжірибем бойынша айта аламын.
Үш жылдық оқу форматына көшу университеттердің өзіне байланысты. 2019 жылдан бері жоғары оқу орындары академиялық және басқарушылық дербестікке ие. Дегенмен, педагогика, денсаулық сақтау және сәулет сияқты салаларда оқу мерзімін қысқартуға шектеу қойылады.
Ержан Әмірбекұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы:
- Біз түсінуіміз керек жекелеген мамандықтар бар. Мысалы, педагогикалық мамандықтар, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар бар, архитектуралық мамандықтар. Бұл жерде балалардың міндетті түрде когнетивтік өзінің ақыл-ой ерекшеліктерін ескеріп, ол жерде біз оқудың нысанын қысқартуға келіспейміз. Басты шарт кез келген жоғары оқу орнында оқитын студент 240 кредит мөлшеріндегі академиялық жүктемені орындап шығуы керек.
Қолданбалы бакалавриаттың оқу мерзімін қысқарту мәселесі бұған дейін де көтерілді. 2022 жылы 2,5 жылдық оқу бағдарламасын енгізу жоспары айтылса, 2026 жылы бұл тақырып Үкімет деңгейінде қайта талқыланды.