Саясаттанушы: Ресей Қазақстанның ең жақын стратегиялық серіктесі болып қала береді

Қазақстан Президентінің Мәскеуге сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ресеймен қарым-қатынасты дамыту Қазақстан үшін экономикалық, көлік-логистикалық және технологиялық тұрғыдан маңызды. Бұл туралы саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков «24KZ» арнасына берген сұхбатында айтты. 

Саясаттанушының пікірінше, Ресей Қазақстанның ең жақын стратегиялық серіктестерінің бірі болып қала береді. Бұған екі елдің ортақ шекарасы, тарихи байланыстары және экономикалық өзара тәуелділігі негіз болып отыр.

Дәл қазіргі таңда біз үшін Ресей бұрын да, қазір де кез келген жағдайда ең жақын стратегиялық серіктесіміз болып қала береді. Өйткені біз Ресей Федерациясымен ең жақын орналасқан көршіміз. Оның үстіне, құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан Ресей мемлекетін қалай болғанда да айналып өте алмаймыз, – деді Сәкен Мәжінбеков.

Сондай-ақ ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бұған дейінгі кездесулер барысында белгіленген 178 жобаның 124-і қазіргі уақытта іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін қалған жобаларды да барынша қамту көзделген.

Бұл бастамалардың басым бөлігі көлік және логистика, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын қамтиды. Әсіресе Қазақстанда алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі құрылыс жобалары үшін отандық шикізат пен өндірістік әлеуетті дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Осы бағытта қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлердің бірлескен жобаларының маңызы арта түспек.

Цифрлық дербестік пен киберқауіпсіздік – басым бағыт

Кездесу барысында технологиялық даму мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан шетелдік технологияларды енгізе отырып, өзінің цифрлық дербестігін сақтауы, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі және ұлттық мамандардың әлеуетін арттыруы қажет.

Спикердің пікірінше, киберқауіпсіздік мәселесі технологиялық жаңғыру үдерісінде басты назарда болуы тиіс. Себебі басқа мемлекеттердің технологияларын пайдалану кезінде ұлттық қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.

Біреудің технологиясын ала отырып, өзіміздің қауіпсіздікті сақтауымыз керек. Қазіргі таңда Қытайдың да, Ресейдің де бұл бағыттағы жетістіктері бар. Ресей экономикалық тұрғыдан қаншалықты қиындықта тұрғанымен, жасанды интеллект пен цифрландыру саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті, – деді Сәкен Мәжінбеков.

Сауда айналымын 30 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр

Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстың маңызды көрсеткіштерінің бірі – өзара сауда көлемі. Сұхбатта келтірілген мәлімет бойынша, биылғы жылдың алғашқы алты айында екі ел арасындағы тауар айналымы 16 миллиард долларға жеткен. Алдағы кезеңдегі мақсат – бұл көрсеткішті 30 миллиард долларға дейін ұлғайту.

Спикердің пікірінше, осы межеге жету үшін бірнеше негізгі бағытқа басымдық берілуі мүмкін. Олардың қатарында құрылыс индустриясы, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар бар.

Ең бірінші кезекте келесі жылы жүзеге асырылатын халықтық құрылысқа қатысты салаларға назар аудару қажет. Сонымен бірге энергетикалық ресурстар, өндіріліп жатқан мұнайды сыртқы нарыққа шығару мәселесі маңызды. Одан кейінгі бағыт – көлік-логистика саласы және жасанды интеллект пен цифрландыруға қатысты технологиялық қажеттіліктер, – деп атап өтті спикер.

Осы бағыттардағы бірлескен жобалар екі ел арасындағы сауда көлемін арттыруға ғана емес, өндірістік кооперацияны дамытуға да ықпал етуі мүмкін. Әсіресе көлік дәліздерін жетілдіру, экспорттық бағыттарды әртараптандыру және өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы байланысты кеңейту Қазақстан экономикасы үшін маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз: