Семейлік студенттер қағаз қалдығынан отын жасады
Семейлік студенттер қағаз қалдығынан отын брикеттерін жасады.
Жас өнертапқыштардың көздегені тұрмыстық қалдықты кәдеге жаратып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Одан бөлек жастар бірнеше жылдан бері пластик қақпақ жинап, одан түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсап жүр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қағаз қалдығы отынға айналса, қоршаған ортаға түсетін салмақ та азаяды. Семейдегі Геологиялық барлау колледжінің студенттері әзірлеген «Green Fuel» жобасының негізгі идеясы макулатураны қайта өңдеп, одан отын брикеттерін жасау. Болашақ геологтар мен табиғи ресурстарды қорғау мамандары дайын өнімнің сапасын зерттеп, жану ұзақтығын, бөлетін жылуын және қалатын күл мөлшерін салыстырады. Тәжірибе барысында қағазға қоса көмір, крахмал, желім, жапырақ пен ағаш үгінділері пайдаланылады.
Ануарбек Мақсатұлы, студент:
- Біздің проектіміз экологияға пайдасын зор тигізеді. Біз ешқандай қалдық қалдырмаймыз. Сіз, мысалы, отбасыңызбен бір жерге шықсаңыз осындай брикетті ала аласыз. Оның жану ұзақтығы шамамен 1 сағат 20 минутты құрайды. Опен спейс байқауында көп проект болды. Бірақ дәл біздің жобамыз 2-орын иеленді.
Студенттердің ізденісі отын өндірумен ғана шектелмейді. Олар органикалық қалдықтарды да кәдеге жаратудың жолдарын қарастырып жатыр. «Smart-Biogas» жобасы аясында шағын биореактордың көмегімен ірі қараның көңінен биогаз алу мүмкіндігі зерттелуде. Ал «Ecolife» жобасына қатысушылар бұлақ суының сапасын зерделеуге ден қойған. Олар «Холодный ключ» және «Күшікбай батыр» бұлақтарын зерттеп су құрамын анықтауда. Келешекте жас зерттеушілер суды тазарту, құю және қаптау технологиясын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Меруерт Бекмұхамбетова, геологиялық барлау колледжі экологиялық пәндер циклдік комиссиясының аға оқытушысы:
- Бұлақ суын зерттеу де өзекті мәселе. Өйткені таза ауыз су мәселесі экологиялық проблемалардың бірі. Табиғи ресурстарды қорғау және ұтымды пайдалану мамандығында оқитын студенттеріміз су үлгілерін алып келіп, олардың құрамындағы минералдар мен пайдалы дәрумендерді зерттеді. 2021 жылдан бері еріктілер қозғалысына қосылып, пластик қақпақтарды жинап келеміз. Оларды өңдеу үшін Павлодар қаласына жібереміз. Түскен қаражат ауыр дертке шалдыққан, көмекке мұқтаж жандарға беріледі.
Семейлік студенттер ғылыми ізденісін тәжірибемен ұштастырып, қалдықтың өзін пайдалы ресурсқа айналдыруға болатынын дәлелдеп отыр. Ал «Балаларға өмір сыйла!» акциясы экологиялық жауапкершілік пен қайырымдылықты бір арнаға тоғыстырады. Жастардың бұл бастамалары табиғатқа жанашырлық таныту мәдениетін қалыптастырып, өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге үлес қоспақ.
Авторлары Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков