Жамбыл облысында алдағы 3 жылда 127 білім нысаны жаңғыртылады

Тоғызтараудың мектебі жаңарды. Құмтиын ауылының да білім ордасы жөнге келеді. Жалпы Жамбыл облысында алдағы 3 жылда 127 білім беру нысаны жөндеуден өтеді. Биыл аймақта 3 жаңа мектеп пен 6 қосымша ғимарат пайдалануға берілген, деп хабарлайды 24KZ.


Тоғызтарау ауылындағы орта мектеп алғашында жатақхана ретінде салынған. 1994 жылы білім ордасы ретінде қайта жабдықталып, пайдалануға берілді. Спорт залы жоқ, асхана да талапқа сай емес еді. Оқу кабинеттері де тапшы болды. Биыл жапсарлас ғимарат салынып, мәселе толық шешілді.

Индира Сапарханова, Т.Тоқтаров атындағы мектеп директорының орынбасары:

– Қосымша ғимаратпен бірге төрт кабинет пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта физика, химия, биология және математика пәндері осы ғимараттағы кабинеттерде оқытылуда. Сонымен қатар балаларға арналған асхана жұмыс істейді. Мұнда бір мезгілде тоғыз бала тамақтана алады. Спорт залы да пайдалануға берілді. Бұған дейін балаларымызда мұндай спорт залы болмаған еді. Осындай мектепте жұмыс істеу – әрбір адамның арманы деп ойлаймын. Енді балаларымыздың бақытты балалық шағын өткізуіне барлық жағдай жасалып отыр.

Құмтиын ауылындағы №2 орта мектеп ұжымы көптен бері күрделі жөндеуді күтіп жүр. Бұл мектеп те алғашында емхана болған. 1998 жылы білім оашғы ретінде пайдалануға берілді. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қазір мұнда 150 оқушы білім алады. Алайда тозығы жеткен ғимаратта спорт залы жоқ.

Лаура Тастанова, Құмтиын ауылдық №2 орта мектебінің директоры:

– Біздің мектепте оқу кабинеттері жеткілікті. Ендігі басты өтінішіміз – мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу. 1989 жылы ыңғайластырылып пайдалануға берілгеннен бері мектепке күрделі жөндеу жүргізілмеген. Дегенмен жыл сайын жоспарлы түрде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып келеді. Сондықтан биыл мектепті күрделі жөндеу жоспарына енгізіп, қажетті қаражат бөлінген жағдайда, мектеп жанынан ангар үлгісіндегі спорт зал салып берсе деген өтінішіміз бар.

Жалпы Жамбыл ауданында 6 мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Оған 1 миллиард 900 миллион теңге керек.

Бақытжан Шабанбаев, Жамбыл аудандық білім бөлімінің құрылыс инженері:

– Алты мектептің күрделі жөндеуіне арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Сонымен қатар тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер берілді. Алдағы жылы төрт мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл нысандар тиісті жоспарға енгізілген.

Биыл облыста 14 білім нысанын салу жоспарланған. Қазір 3 мектеп пен 6 қосымша ғимарат құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек 6 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңарып жатыр.

Динара Жаңабаева, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

– Материалдық-техникалық базаның жағдайы жақсарып келеді. Қазіргі уақытта 6 мектептің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары аясында материалдық-техникалық базаны жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы қамту деңгейі 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда, химия және физика кабинеттері жабдықталады. Биыл Қазақстан халқына қорынан 80 мектепке арналған 207 кабинет толық жабдықталып берілді.

Биыл өңірде 35 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы 3 жылда тағы 127 білім беру нысаны жаңғыртылады.

Сондай-ақ оқыңыз: