Республика күніне орай 649 сауда нысанында жеңілдіктер басталды
Елде Республика күніне орай сауда орындарында мерекелік жеңілдіктер басталды. Republic Day және Bereke Fest науқанына ел бойынша 649 сауда нысаны қосылған. Оның 232-сі ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері болса, 417-сі бөлшек сауда дүкендері, деп хабарлайды 24KZ.
Акция 27 қазанға дейін жалғасады. Тұтынушылар азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарларды жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Жекелеген өнімдерге берілетін жеңілдік 50 пайызға дейін жетеді. Ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңіріндегі сауда орталықтары қатысып отыр. Науқанды сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды.
Еркежан Мұхамадиева, «Анвар» гипермаркетінің cатып алу менеджері:
– Республика күніне орай Сауда министрлігі мен жергілікті әкімдік ұйымдастырып жатқан «Береке Fest» науқанына біз екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Мұнда көптеген тауарлар, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ұсынылған. «Береке Fest» науқанына бір ай бұрын дайындалып, серіктестерімізбен бірге арнайы науқанға қатысып жатырмыз.