Ғылымға негізделген экономика
Қазіргі заманның басты қуаты білім мен ғылымда, озық инновацияларда.
Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселелерге ерекше тоқталды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ел экономикасын дамытуға бағытталған бірнеше ауқымды ғылыми жоба әзірледі. Оның қатарында су ресурстарын басқару, ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектіні енгізу, сейсмикалық қауіпсіздік, сирек кездесетін металдар мен пайдалы қазбаларды барлау мен өңдеудің жаңа технологиясы бар. Оған қоса жаңа энергетикалық материалдарды жасау, яғни баламалы қуат көздерін дамыту назарда болады. Ауыл шаруашылығы селекциясы мен биотехнологиялық шешімдерге басымдық беріледі. Бұл туралы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер ғалымдарының VI форумында айтылды. Іс-шара бірлескен зерттеулерді дамытуға, озық технологияларды енгізуге және ғылыми ынтымақтастыққа бағытталған.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының президенті:
-Инфрақұрылым салу, әрине, ғылымға негізделуі керек. Оның сапалы болуы маңызды. Сонымен қатар, заманауи технологияларды қолдана отырып, озық әдістермен салынуы қажет. Осыған байланысты Ғылым академиясы қазір сегіз флагмандық жобаны қолға алды. Бұл жобалар мемлекеттің даму тұжырымдамасына, соның ішінде инновацияларды дамыту тұжырымдамасына енгізілді. Енді осы жобаларды жүзеге асыруды бастауымыз керек. Сегіз флагмандық жобаның барлығы инфрақұрылыммен байланысты.