Жолдау-2026: шағын бизнес жаңа бағытта дамиды
Қазақстанда соңғы жеті жылда шағын және орта кәсіп нысандарының саны 1,5 есе өсті.
Өндірілген өнім көлемі үш есеге ұлғайып, 96 трлн теңгеге жетіп отыр. Ал аталған салада жұмыспен қамтылғандардың қатары 3 млн адамнан 4 жарым млн адамға дейін көбейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту елдің экономикалық әлеуетін нығайтудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті. Үкіметтің ендігі мақсат-міндеті – шағын бизнестің құрылымын әртараптандырып, орта бизнесті дамытудың арнайы жоспарын әзірлеу. Бұл әлбетте мемлекеттік көмек пен түрлі жеңілдіктер арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, бұған дейін кәсіпкерлікті дамытуға «Даму» қорының жеңілдетілген несиелері, субсидиялары мен кепілдік беру құралдары көп жәрдемдесті. Бас-аяғы 228 мың жоба қамтылды. Ал берілген кредиттердің жалпы сомасы 13 трлн теңгеден асқан. Мемлекет басшысы Жолдауда бизнес үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау міндетін де қойып отыр. Атап айтсақ, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысу жетілдіру, оларға қойылатын талаптарды жеңілдету шаралары көзделген. Салықтық жүктемені азайту да қарастырылады. Ал Президенттің шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу туралы ұсынысы саланы жаңғыртуға сеп болмақ. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті қорғауда жекелеген компанияларды қолдау шеңберінен шығып, ұлттық экономиканы нығайтудың, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тың тәсілін ұсынып отыр.