Үш ауысымды мектептер мәселесі 2030 жылға дейін шешіледі
Соңғы жеті жылда елімізде 1 300 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 133 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілген. Дегенмен, әлі де 36 білім ордасында оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің бас сарапшысы Қаламқас Ділдәбекова «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Сарапшының айтуынша, үш ауысымды мектеп мәселесін 2030 жылға дейін толық шешу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда 36 үш ауысымды мектеп бар. Олардың мәселесін 2030 жылға дейін толығымен шешу жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл 101 мектептің құрылысы көзделген. Оның 49-ы аяқталды, 52-сінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Қаламқас Ділдәбекова
Жаңа мектептерге деген қажеттілік әсіресе халық саны қарқынды өсіп жатқан өңірлерде жоғары. Сондықтан алдағы уақытта білім беру нысандарының басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарында бой көтермек. Бұған демографиялық өсім, ішкі көші-қон және жаңа тұрғын үй кешендерінің көбеюі себеп.
Ал қала мен ауыл мектептері арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті жоюға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аяқталды. 2024–2025 жылдары жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ошақтарының нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі шешілді. Қазіргі таңда барлық мектепте оқу процесі ұйымдастырылған. Онда 260 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Ал педагогтердің штат бірлігі 20 мыңды құрайды , - деді Қаламқас Ділдәбекова.
Жаңа форматтағы білім ордаларының басты ерекшелігі – заманауи инфрақұрылым мен оқушылардың жан-жақты дамуына жасалған жағдай. Мұнда STEM-зертханалары, робототехника кабинеттері, коворкинг аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ бірнеше спорт залы мен түрлі спорт түрлеріне арналған алаңдар бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларының бөлек блоктарда білім алуына мүмкіндік жасалған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де кедергісіз орта қалыптастырылған.
Қала мен ауылдағы «Келешек мектептерінің» инфрақұрылымдық айырмашылығы жоқ. Барлығы бірыңғай стандартқа сай салынған. Заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Ұлттық жобаның басты мақсаты – қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты жою, балаларға жайлы, қолайлы, қауіпсіз әрі кедергісіз білім беру ортасын қалыптастыру, - деді Қаламқас Ділдәбекова.