Президент: Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет

фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Жолдауда білім беру саласындағы реформаларды жетілдіру, мұғалімдердің артық жүктемесін азайту және олардың құқықтары мен беделін қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды, деп хабарлайды «24KZ». 

Сондай-ақ ұстаздардың негізгі міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беру екенін атап өтіп, мектептегі әрбір жағдайға ата-ана, оқушы және білім беру ұйымы бірдей жауапкершілікпен қарауы керектігін айтты

 «Тағы бір мәселе. Қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүр. 
Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. 
Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр. 
Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек. 
Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. 
Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес. 
Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. 
Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет».

Сондай-ақ оқыңыз: