417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді

  • 207
  • UPD: 19:22, 19.01.2021

Өзекті мәселе қаладағы 25 мемлекеттік, 8 жекеменшік және 1 кешкі мектепті түгелдей қамтиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлығында бастауыш сыныптың мұғалімі, физика-математика, орыс тілі мен әдебиеті бойынша 2-3 орын бос тұр. Қалалық білім бөлімі зейнетке шыққан ұстаздар мен жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге қосымша сағат беру арқылы мәселені шешуге кіріскен. Сондай-ақ өзге аймақтардан жас мамандар да шақыртумен барып жатыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Есіркен Қожуов Ақтөбе мемлекеттік университетінің түлегі. Былтырдан бері №23 орта мектепте физикадан қазақ және орыс тілінде сабақ береді. Аталған пәннен орыс тілінде оқытатын мұғалім тапшы болғандықтан, басшылықтың ұсынысын бірден қабылдапты. Осылайша, жүктеме сағат алған жас ұстаз жуырда жедел курсқа жазылған. Мақсаты ағылшын тілінен сөздік қорын молайтып, келешекте күрделі пәнді үш тілде оқыту.

Есіркен Қожуов, физика пәнінің мұғалімі:

- Материалдар қазіргі ағылшын тілінде көп физикадан. Орыс тілінде де көп, қазақ тілінде тек аудармасы ғана. Физиканы ағылшынша оқып, меңгеру балалардың болашағына да, тіптен керек десеңіз, халықаралық деңгейде де білім алуларына септігін тигізетініне ешқандай күмән жоқ. Жалпы алдағы уақытта ең бірінші міндетке қойған жоспарларымының бірі.

Бұл мектепте 3 мыңға жуық оқушы оқиды. Оларға орыс тілінен сабақ беретін мұғалім тапшылығы былтырғы оқу жылында да байқалған. Директордың айтуынша, тамыз айына дейін 40-қа тарта бос орын болды. Enbek.kz порталына берілген хабарландырудан соң аз уақытта 22 педагог келіпті. Тағы 15 жас маман қыркүйек айының соңына дейін жұмысқа орналасқан. Қазіргі уақытта 3 орынға ұстаз керек.

Зарифа Қазиева, №23 орта мектептің директоры:

- Бізде орыс тілі және әдебиетінен 1, сол секілді математика пәні мен бастауыш сыныптарға орыс тілінен сабақ беретін бір-бір мұғалімнен жетіспейді. Қазір жасы 58-66 жас аралығындағы, яғни зейнеткерлікке шыққан ұстаздар келіп сабақ беріп жүр. Әрқайсысымен 1 жылға еңбек келісімшартын жасадық. Сондай-ақ екі тілді еркін меңгерген жас мамандарымызға қосымша сағаттан беріп отырмыз.

Өзекті мәселенің қалай шешіліп жатқандығын сұрап, қалалық білім бөліміне хабарластық. Бұл салаға жауапты маманның сөзінше, былтыр арнайы іс-шаралар жоспары түзіліп, өзге өңірде университет бітірген жастарды шақырту қолға алынған. Оларды баспанамен қамту мәселесі де шешімін тапқан.

Бағдат Тұрғанбаева, қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қаламызға, өңірімізге жақын батыс аймақтардан мұғалімдерді шақырту жұмыстары былтырғы оқу жылынан бері жүргізіліп келе жатыр. Былтырдың өзінде 25 маман шақыртылды. Биылғы оқу жылында сол 25 маман білім бөліміне қарасты дамыту орталығындағы балансындағы 31б шағынаудандағы 25 ғимараттағы жатақханаға орналастырылды. Бұл жұмыс іс-шара жоспарына сәйкес әрі қарай жалғасады.

«Оқу бітірген ақтаулық түлектердің арасынан мұғалімдік қызметке бет бұрғандар санының жыл санап өсуі бізді қуантады», - дейді қалалық білім бөліміндегілер. Олардың айтуларынша, болашақ ұстаздарды қолдау шаралары биыл да жалғасады. Өткен жылы әкім грантымен 39 жас түлек жоғары оқу орнына түссе, оның 16-сы педагогика мамандықтарын таңдаған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы