Ауыл мектептерінде сақтық шаралары күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында 3-ші тоқсанда 39 мектеп дәстүрлі оқыту жүйесіне көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал 12 мектеп әлі де қашықтан білім беріп жатыр. Жалпы ауданда 12 мыңнан астам оқушы бар. «Сақтық шараларының арқасында олардың бірде-бірі қауіпті дертке шалдықпаған», - дейді ұстаздар. Дегенмен сабақ кестесінің ауысуына байланысты кей мектептер үш ауысымға көшуге мәжбүр.

Көкөзек орта мектебінде 180 оқушы бар. Бұған дейін мұнда тек бастауыш сыныптар білім алып келсе, енді 9 және 11-сынып оқушылары да дәстүрлі білім жүйесіне көшкен. Барлығынан сақтық шараларын бұлжытпай орындау талап етіледі. 

Алина Хаян, 9-сынып оқушысы:

– Ұстаздарымызды, достарымызды сағынып келдік. Мектепке келгеннен бері үйірмелер ашыла бастады, робототехника үйірмелері, ақындар үйірмелері. Мен өзім ақындар үйірмесіне қатысамын, оның ішінде өзім ұнататын Абай Құнанбайұлы атамыздың өлеңдері.

Бастауыш сыныптың оқушыларын топырлатпай, арақашықтықты сақтау оңай шаруа емес. Сондықтан да Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектептің ұстаздары мұның жаңаша әдісін ойлап тауыпты. Олар дәліздерге осындай ертегі кейіпкерлерін қойып, олардың әрқайсысына ережелерден үзінділер жазған. Мәселен, мына қоянда «Масканы 2 сағат сайын ауыстыр» деп жазылған.

Сыныпта бір партаға тек бір баладан отырғызылады. Дәлізде де сақтық шараларының сақталуы қадағаланады. Барлық білім ордалары қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілген. 

Сәуле Жүнісова, Үржар аудандық білім бөлімінің жетекшісі:

– 3-ші тоқсанды біраз жаңа өзгерістермен бастадық. Бүгінгі күні штаттық режимде барлығы жұмыс атқарып жатқан 39 мектеп, қашықтықтан 12 мектеп оқытып жатыр. Штаттық режимге кезекші сыныптарға біз 5, 9, 11-сыныптарды қостық. Бала саны 15-тен аспайды. Барлық санитарлық норма қатаң түрде сақталуда және әр сыныптың сабақ кестесі жеке жасалынды. Әр сынып екінші сыныптың екеуінің келу қашықтығы 10 минуттан, үзілістер 5 минуттан. Сонда кейбір мектептерде бала санының көп болуына байланысты үш ауысымды ашуға тура келді.

Үржар ауданындағы 3 мыңға жуық оқушы әлі де қашықтан оқып жатыр. Білім бөлімінің мәліметінше, олардың барлығы ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Сол сияқты бұрын мәселе туындап келген 16 елдімекенде интернет жылдамдығын күшейту үшін қосымша құрылғылар орнатылған.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы