Бес жоғары оқу орны халықаралық QS рейтингіне енді

Бес жоғары оқу орны халықаралық QS рейтингіне енді

Қазақстандық бес жоғары оқу орны халықаралық QS рейтингіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бар. Бүгін оқу орнының қабырғасында компанияның аймақтық директоры Сергей Христолюбовпен кездесу өтті. Салтанатты жиын барысында білім ордасының даму бағыттары баяндалып, рейтинг қортындысына сәйкес үздік атанған пән оқытушылары марапатталды. Атап айтсақ, лингвистика, физика және астрономия, экономика және эконометрика, өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша білім көрсеткіші жоғары бағаланды.

Айта кетейік, QS рейтингісі 2004 жылдан бері әлемнің көшбасшы университетін анықтаумен айналысады. Рейтинг түзу барысында ЖОО-ның бәсекеге қабілеттлігі, оқытушылардың біліктілігі мен түлектердің жұмысқа орналасуы, ғылыми зерттеу жұмыстарға мән берілуі ескеріледі.

Сергей Христолюбов, QS  компаниясының аймақтық директоры:

– Кейінгі 10 жылда қазақстандық ЖОО-дағы білім сапасы айтарлықтай жақсарды. Мәселен, былтыр желтоқсанда шыққан өңірлік рейтингке 28 ЖОО ілікті. Бұл аймақтардағы білім ордалары үшін үлкен жетістік. Халықаралық рейтингтен көріну арқылы олардың да әлемдік  аренадағы  танымалдығы артады.