СҚО-да оқушы саны азайып барады

Солтүстік Қазақстан облысындағы 9 мектепте екі-ақ түлектен бітіріп шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушысы азайған Рассвет орта мектебіне әріптесіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы барып қайтты. Өңірде оқушылар саны неге азайып барады?

Бұл мектепте екі-ақ түлек – Марина мен Вероника. Қыздар алтын ұяларын қимай тұр. Көз жастарын да жасырмай жылап алды.

Вероника Бобрешова, мектеп түлегі:

– Иә, мұңайып тұрмыз. Екеуміз ғана қалдық. Оныншы сыныпқа дейін үлкен сынып болған едік. Барлығы 12 бала оқыдық.

Марина Гвоздева, мектеп түлегі:

– Екеуміз ғана болғандықтан сабаққа күнде дайындалу керек. Бір жағынан ешкім кедергі келтірмейді. Сынып тып-тыныш.

Рассвет орта мектебінде 111 оқушы оқиды. Кезінде соңғы қоңырау салтанатына бірнеше сынып қатысатын. Бүгін мектеппен екі-ақ оқушы қоштасып жатыр.

Лариса Гончарик, Рассвет орта мектебінің директоры:

– Ал 9-ыншы сыныпты биыл 11 бала бітіріп жатыр. Соның 3-еуі ғана мектепте қалатын болды. Жалпы, соңғы жылдары өсім байқалады. Ауылға көшіп келіп жатқандар көп.

Солтүстік Қазақстан облысында түлектері саусақпен санарлық мектептер өте көп. Себебі бала жоқ. Халық үдере көшіп жатыр. Былтыр 5 мектептің есігіне құлып салынды. Биыл тағы 9-ы жабылады.

Мария Исмағамбетова, Білім басқармасының бас маманы:

– Облыс бойынша 38 мектепте 11-інші сынып мүлдем жоқ. 9 мектепте екі түлектен ғана, ал 19 мектепте 3 түлектен бітіріп жатыр.

Өңірде 481 мектеп бар. Соның 77 проценті, яғни 362-і шағын жинақталған мектептер. Бұл сыныптар толық емес деген сөз. Оқушылар ортайып барады.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев