Елімізде оқушылардың төрттен бір бөлігі сабақты үйде отырып оқи алмайды

Қазақстандық мектеп оқушыларының 42 проценті онлайн оқу жүйесіне бейімделген. 33 процентіне ұстаздар демеуі қажет болса, қалған 25 проценті сабақты үйде отырып оқи алмайды.

Осындай мәліметті Алматыда өткен «Карантиндегі білім беру: Қазақстан және әлем» атты баспасөз мәслихатында «Дарын онлайн» республикалық білім беру платформасының өкілдері мәлімдеді. Коронавирус пандемиясына байланысты былтырдан бері еліміздің мектептері мен жоғарғы оқу орындарында сабақ онлайн жүйесінде өткізіле бастады. Жалпы білім беру бағдарламаларынан бөлек оқушылар мен ұстаздар «Дарын Онлайн» платформасын пайдаланған. Оған 3 млн астам қатысушы тіркеліпті. Қашықтан оқытудың кемшілігімен қатар жетістігі де бар. Мысалы, өнер саласы бойынша сабақты онлайн оқу қиын.

«Бірақ физика, математика, химия, тіл мен әдебиет пәндерін еркін әрі қызықты етіп өткізуге болады», - дейді мамандар.

Айбек Қуатбай, «Daryn Online» республикалық білім беру платформасының негізін қалаушы:

- Онлайн білім берудің арқасында біз көптеген балалардың керісінше мектепте өзін өзі көрсете алмай жүрген балалардың оқуға деген ынтасын өзін көрсетуіне жол аштық. Бұл жоба оқушылардың ғана қабілетін ашу емес, мұғалімдердің де қабілетін ашып, өздерінің онлайн салада өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Және мен қызық цифра айтайын. Бізде Қазақстан тарихы 6-сыныпты 11 млн рет көрген соңғы жарты жылда. Сонда ол мұғалімнің шоу-бизнес өкілінен танымалдығы ешқандай кемшілігі жоқ.