Назарбаев зияткерлік мектебі мұғалімдерге тәжірибелік және әдістемелік қолдау көрсетуде

Назарбаев зияткерлік мектебі мұғалімдерге тәжірибелік және әдістемелік қолдау көрсетуде

Алғаш рет еліміздің әр түкпіріндегі ұстаздар қауымы жылдың басты педагогикалық кеңесіне онлайн қосылуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі тамыз конференциясы қарсаңында 15 пән бойынша тақырыптық сессиялар мен шеберлік сабақтары өтеді. Онлайн кеңес 17 тамызға дейін жалғасады.

Назарбаев зияткерлік мектептері жаңа оқу жылына тас түйін дайын. Оқу ордасы жалпы білім беретін білім мекемелеріне де білгенін үйретіп жатыр. 9 тамызда әр пән бойынша екі тілде бүкіл мұғалімге онлайн әдістемелік семинар басталды. Бүгін физика пәнінен аға менеджер Саидқожа Бекқожаев өз тәжірибесімен бөлісіп, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Арнайы жабдықталған телестудия арқылы тікелей эфирде мұғалімдерінің сауалына жауап берді.

Саидқожа Бекқожаев, физика пәнінен аға менеджер:

– Жалпы физика сабақтарындағы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша арнайы дайындалған бейнематериал ұсындық. Бұл мұғалімдердің барлығына жақсы көмекші құрал болады деп ойлаймын.

Дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың айтуынша, алдағы оқу жылындағы бағыт пен бағдар айқын. Зияткерлік мектеп түлектері халықаралық дәрежеде жоғары көрсеткішке жетіп жүр. Бұл үрдіс үзілмес үшін жаңа оқу жылы басталысымен әр сыныпқа арнайы мониторинг жүргізіледі. Яғни оқушының білім деңгейі анықталады.

Күләш Шәмшидинова, Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы:

– Біздің балалар бірінші қыркүйекте мектепке келгеннен соң негізгі пәндер бойынша барлық сыныпта мониторинг өткіземіз. Сол арқылы қай баланың қандай пәннен кемшілігі бар екенін анықтап, көмектесеміз. Біз мұғалімдеріміздің арасында үлкен сауалнама жүргіздік. Үш тақырыпты анықтадық. Пән бойынша, методика, цифрлық технологияда қандай көмек қажет деп. Қазір мұғалімдерді оқыту басталды.

Онлайн-кеңеске еліміздің әр өңірінен жиырма мыңнан астам пән мұғалімі қатысты. Мұғалімдер педагогика саласындағы өзекті тақырыптарды талқыға салды. Халықаралық сарапшылар пікірі де сөз болды.

Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев