Жаңа оқу жылында мұғалімдердің жүктемесі азаяды

Жаңа оқу жылында мұғалімдердің жүктемесі азаяды

Жаңа оқу жылында мұғалімдердің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа дейін қысқарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді «Әліппе/Ана тілі», «Әліппе/сауаттылыққа оқыту», «Цифрлық сауаттылық» пәндері енгізіледі. Бұл туралы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілі айтты. Ал 5-сынып оқушыларына «Жаһандық құзыреттер» жаңа пәні мен 6-сыныпта «Домбыра» сабағы өткізіледі.

Айта кетейік, биылғы тамыз конференциясы онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған елдің түкпір-түкпірінен ұстаздар қатысып, білім беру процесін дамыту жолдарын талқылауда.

Әкімжан Сайлыбаев, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА дидактика зертханасының меңгерушісі:

- Конференция аясында 75 сессия жоспарланған. Оның ішінде 8 панельдік сессияны академия өткізіп отыр. Қазіргі уақытта оның 7-еуі өтті. Атап айтсақ: «Оқыту мен тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі, мектеп-ата-ана өзара қатынасы», «Экологиялық білім беру», «Қазақстандағы STEAM білім беруді дамыту стратегиясы мен тәжірибесі», «Заманауи жағдайда әдістемелік қызметті трансформациялау», «Эмоционалды интеллект және сыни ойлау», «Медиа сауаттылық – ХХІ ғасырдың негізгі білім беру құзыреттілігі ретінде», «Инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың заманауи кезеңі: үздіксіздік және жүйелілік». Біз өткізген панельдік сессиялардың әрқайсысына еліміздің барлық аймақтарынан 7000-нан астам мұғалім қатысты, бұл мұғалімдердің осы іс-шараға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.