Алматыда мектептегі орын тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

Алматыда кейінгі 10 жылда мектеп оқушыларының саны 120 мыңға артып, орын тапшылығы туындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселе жаңа білім ошақтарының салынуы және ескі ғимараттарды кеңейту арқылы шешіліп келеді. Алайда қоғам белсенділері орын жетіспеушілігін бұлай шешу дұрыс емес деп санайды. Олардың айтуынша, ескі нысанға жапсарлас тұрғызылған ғимараттар мектеп стадиондарының кішіреюіне әкеліп отыр. Балалар дене шынықтырумен қалай айналысады?

Алматылық Татьяна Касаткина «Орбита» ықшам ауданында 44 жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, шағын аудандағы 40-шы және 145-мектептің жеке футбол алаңы болған. Онда оқушылар доп теуіп, жүгірумен айналысатын. Тіпті, бос уақытта тұрғындар да спортпен шұғылданып келіпті. Қазір стадионның жартысы басқа мақсатқа пайдаланылуда.

Татьяна Касаткина, қала тұрғыны:

– 2018 жылы аумақтың бір бөлігіне түсініксіз құрылыс жұмыстарын жүргізе бастады. Қоршалған жерге коммерциялық ақылы спорттық манеждер салды. Бұл 40-шы және 145-ші мектептің стадионы болатын. Енді коммерциялық нысанның құрылысына өтіп кетті.

Қазір манеждердің қасында жасанды көгалы бар, қоршалған алаң тұр. Аумағы шағын болғандықтан мектеп оқушылары үшін тарлық ететіні түсінікті дейді тұрғындар. Ал қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметі басқаша екен.

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

– Қаладағы бірде-бір стадионның аумағы қысқартылған жоқ. Онда негізінен модернизация және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, күрес залы, теннис алаңының есебінен олардың қызмет түрі артып отырған шығар. Ал спорт алаңдары қысқартылған жоқ.

Тұрғындар мектепке жапсарлас ғимарат салу стадионның есебінен жүргізіліп отырғанына наразы. Мысалы, бірнеше жыл бұрын № 60 гимназияның үлкен футбол алаңы болған. Алматылық Татьяна Касаткина сол орын тапшылығын шешу үшін үш қабатты жапсарлас ғимараттың салынғанын айтады. 

Татьяна Касаткина, қала тұрғыны:

- Әр жерде мектеп толып, оқушыларға орын жетіспей жатқаны айтылады. Оны шешу үшін мектептердің стадиондарын алып жатыр. Бұл қисынға келмейді. Егер оқушылар саны көбейсе, олардың спортпен айналысатын аумағы неліктен азайып жатыр?

Белсенділер стадион төңірегіндегі шындықты білу үшін ғаламторға да үңіліпті. 2019 жылы спутниктен түсірілген фотосуретте № 60 гимназияның стадионы болған. Қазір оның орнында жапсарлас салынған ғимарат тұр. Ал 2013 жылғы мына фотосуретте № 79 гимназияның толыққанды спорттық алаңы көрсетілген. Ал биылғы кескінде стадионның бір бөлігенде ғимарат байқалып тұр. Мұндай жағдайлар аз емес дейді қоғам белсенділері.

Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Бірде-бір мектептің аумағында тұрғын үй не болмаса сауда үйі салынған емес. Тек бос орындарда мектептің қосымша ғимараты салынды. Бұл жерде құрылыс жұмысы кезінде мектептің стадионына зияны тимейтіндей мақсатта салынды.

Білім басқармасының айтуынша, былтыр қаладағы 5 мектепте қосымша құрылыс жүргізілген. Биыл тағы 17 мектептің аумағында қосымша нысандар салыныпты. Оған қоса 33 мектептің спорт алаңы толыққанды жаңартылып жатыр. Белсенділердің мәліметінше, «Орбита» шағын ауданында жалғыз №68 гимназияның спорттық алаңы бәз қалпында екен. Енді осыны көп көрмесе екен дейді қала тұрғындары.

Аршын Кемелжан, Мухит Құдықбаев, Эдуард Кон