Ақтау мектептерінде киіз үй құрылды  

BAQ.KZ

Ақтаудағы білім ордаларында «Ұлттық рух, ұлттық сана» атты жоба басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара аясында мектептердің төрінде жаппай киіз үй тігілуде. Сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын дәріптеп, қолөнер бұйымдарын жасауды үйрететін қосымша сабақтар ашылды. Текті сөздің төресі термені әуелете шырқап отырған Алшын Қабақов жақында ашылған үйірмеге қатысушының бірі. Ауылда ата-әжесінен тәрбие алған ол ән-жыр тыңдап, салт-дәстүрді көріп өскен. Сондықтан мектебінде басталған қосымша сабаққа қатысуға бірінші болып ниет білдіріпті.

Алшын Қабақов, №21 мектептің оқушысы:

– Киіз үйді бұрыннан білем, кішкентай кезімнен ұстап көріп жүргем. Жыл сайын жазда тігіп тұратын. Ағаш үй табалдырық, кереге, уық, шаңырақтан тұрады. Киізбен қаптайды. Өз білгенімді достарыма көрсетемін. Әрбір қазақ ұлттық киім киіп, оюларды жабыстырған ғанибет деп ойлаймын.

21 мектепте ашылған үйірмеге қазір 8-сыныпта оқитын 60-қа жуық оқушы қатысады. Сабақтан тыс уақытта аптасына 9 рет өтеді. Ұлдар киіз үй бөліктерін құрап үйренсе, қыздар қазақи бұйымдарды жасауға машықтанады.

Іңкәр Орынбек, №21 мектептің оқушысы:

– Киіз үйді бұрын-соңды көрдім, бірақ қалай жасалғанын және отырып көрмегенмін. Киіз үйге қарап, біз өзіміздің салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйренеміз, киіз үйдің ішіндегі заттардың бәрін болашақта өзіміз жасап үйренеміз деген ойдамын. Біз сырғалақ арқылы желбауды үйрендік.

Алма Төремұрат, үйірме жетекшісі:

– «Ұлттық рух, ұлттық сана» жобасы бойынша киіз үй алынып берілді. Басты мақсатымыз қазақтың салтын-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Қазіргі ұлттық код дегеніміздің өзін мәңгілік елге айналу үшін балаларға үйрету басты борышымыз. Болашақта тек киіз үйді үйрету, дәріптеу емес, қазақтың ұлттық тағамдарын барлығын осының ішіне әкеліп үйреткіміз келеді.

Әзірге жобаға тек 3 мектеп қатысуда. 6 қанат киіз үй Ақтаудағы №21, №29 және №20 мектепте ғана құрылған. Әрқайсысы өз бетінше безендіріп, жабдықтарын жинаған. Біз барған 21 мектептегі киіз үйдің өз тарихы бар.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

– Мектептегі мына киіз үйде 1970 жылдары бүтін бір отбасы тұрған. Маңғыстау ауданы, Үштаған ауылының тұрғыны, атақты шебер Тәжік ақсақал киіз үйді өзі құрап, қыста қыстауда, жазда жайлауда пайдаланған. Қазір қарияның ұрпақтары көненің көзін көрген жәдігерді мектепке сыйға тартқан.

Алдағы уақытта мектепке киіз үйдің шағын макеті алынбақ. Оны оқушылар өздері жығып, өздері құра алатындай болады. Сондай-ақ наурыз айында мектептерде қала әкімінің жүлдесі үшін «Киіз үй – fest» шарасы ұйымдастырылмақ. Енді білім ордалары осы байқауға дайындықты бастаған.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев