Ақмола облысындағы ауыл мектебінде археология музейі бар

Ақмола облысының Запорожье ауылдық мектебінде 300-ден астам археологиялық жәдігер бар. Бұл оқушылардың жылдар бойы жинаған құнды дүниелері. Оның бәрі қазір білім ошағы жанындағы музейде сақтаулы тұр.

Мектеп төрінен орын алған бұл музейде ежелгі тас дәуірінен бастап өткен жүз жылдыққа тиесілі жәдігерлер де бар. Мұнда көбіне бағзы замандағы адамдардың тұрмыста қолданған заттары қойылған. Ал олардың барлығын дерлік оқушылар тапқан. Себебі балалар жылда өз мұғалімдері және тәжірибелі археологтармен бірге қазба жұмыстарына қатысады. Мәселен, кішкентай археологтар биыл екі бірдей қонысты зерттеуге атсалысты. 

Ілияс Аштаев, тарих пәнінің мұғалімі:

- Экспедиция өте олжалы болды. Өйткені көптеген кішкентай болса да, керекті мәліметтер өте көп болды. Балаларға өте қызықты болды. Өйткені табылған әрбір жәдігер олар үшін жаңалық болды. Аса маңызды табылған жәдігерлер ол көбінесе жебе, найза ұштары. Сонымен қатар фалангалар. Ботай мәдениетінің түпкілікті дәлелі ретінде табылған көптеген жылқы сүйектері және тастан жасалған еңбек құралдары. 

Ілияс осы мектептің түлегі. Оның тарихшы болуына да бала кезіндегі осындай қазба жұмыстары сеп болған. Замандасы Алтынбек Қайыржанов та тарих пәнінің мұғалімі. Бір кездері олар экспедия бірге шықса, енді өз шәкірттерін зерттеуші болуға баулып жүр. 

Даниил Петренко, оқушы:

- Кітаптан көріп, оқығанда ондай қызық болмайтын. Ал тарихтан сыр шертетін жәдігерлерді өз қолыңмен ұстап, оны тазалағандағы сезім бір бөлек. Осы жылы біз 10 шақты жебе басын, мыс әшекей мен адамның қаңқасын таптық. Қазба жұмыстарының арқасында ежелгі адамдарды қандай жағдайда өмір сүргенін білдік. 

Оқушылар келесі жылы да ұстаздарымен бірге тағы басқа қорымдарды зерттеу үшін қазба жұмыстарына шықпақ. Оларды облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары бастап барады. Ал білім басқармасындағылардың айтуынша, елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы бері өңірде мектеп жанындағы шағын мұражайлар көбейе бастаған.

Айталық, қазір аймақтағы 500-ден астам білім ошағының жартысына жуығында осындай орталықтар бар. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко