Ақмола облысында шағын мектептердің болашағы алаңдаушылық тудырды

Ақмола облысындағы мектептердің жартысынан астамы, нақтырақ айтсақ, 65 проценті шағын жинақты. Яғни 360 нысан толыққанды орта мектеп емес, бастауыш және негізгі білім ошақтары. Ал оларда ең көбі 40 бала ғана оқиды. Тіпті 3-4 оқушысы бар мектептер де кездеседі. Соңғыларының тағдыры қазір қыл үстінде тұр. Мұндай білім нысандарының болашағы не болмақ? Ондағы оқу сапасы қандай?

Бұл Зеренді ауданындағы Айдарлы ауылының негізгі мектебі. Ол шағын жинақты білім ошақтарының ішіндегі ең ірісі деуге болады. Бірақ соның өзінде мұнда 39 бала ғана оқиды. Кейбір сыныптар тіпті біріктірілген. Мәселен, мұнда 3 пен 4 және 5 пен 6-сынып оқушылары бір кабинетте бірге отырады. Ал 9-сынып мүлдем жоқ. Мектеп басшылығы болса, «мұндай ыңғайсыздықтарға үйреніп алғанбыз» дейді.

Айдын Манап, Айдарлы ауылдық негізгі орта мектебінің директоры:

- Осындай шағын жинақты мектептерде мұндай жағдай көптен бері. Сондықтан мұғалімдер бәрі бейімделген. Қатты сондай ауыртпалық жоқ. Білім сапасына келетін болсақ, оның екі жағы да бар. Бір жағынан, оқушы аз және мұғалім көңіл бөледі деуге болады барлық оқушыға. Сонымен қатар оқушылардың арасында бәсекелестік жоқ болуы мүмкін. Кейбір адамдар ойлайды, «бала аз, неге бәрі отличник емес?» деп.

Аймақта тіпті бірнеше баламен бастауыш мектеп ұстап отырған елді мекендер де бар. Өкінішке орай, олардың бесеуі биыл жабылуы мүмкін. Соңғы үш жылда осындай 17 білім нысаны өз жұмысын тоқтатқан. Ал мектеп ауылдың жүрегі. Ол жабылса, ауыл да жойылуы ықтимал. Осыны ойлаған Бурабай ауданына қарасты Обалы ауылының тұрғындары қазір өздеріне көп балалы отбасыларды шақырып отыр. Себебі мектепте 40 бала ғана қалған. Ал одан азайса білім ошағы таратылуы ықтимал. 

Нұрлан Қабдуллин, Обалы ауылының тұрғыны:

- Осы мектепті сақтап қалайық, елді сақтап қалайық деген оймен ана жолы жиналғанбыз ел болып. Сондықтан бізге көп балалы 3-4 семья болса, келіп осы елге қоныс аударып келсе, біз ел болып көмектесіп, жәрдем етуші едік. 

Жалпы шағын жинақты білім ошақтарының көбі қазір Біржан сал, Сандықтау, Ақкөл және Жарқайың аудандарында орналасқан. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Үкіметтің 2007 жылғы бекіткен қаулысына сәйкес 5 баламен бастауыш, 41 оқушымен негізгі, ал 81 білім алушы болса, орта мектеп жасақтауға болады. Ал Ақмола облысындағы 360 шағын жинақты мектептің 100-ден астамы бүгінде осы құжатқа сәйкес келмейді. 

Айгүл Шақшақова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Мысалы, бізде Ақкөлде қазір 3 баламен отырған мектеп бар. Биыл жапқан жоқпыз. Өйткені сентябрь ортасында бір семья Ақкөлге көшіп кетті. Сонда екі баласын алып кетті, үш-ақ бала қалды. Енді оқу басталды. Үш баланы біз жауып тастамаймыз ғой. Мысалы, бізде 17 баламен отырған основной мектептер бар. Ол 17 баламен бастауыш мектеп болу керек. Ал біз оны қайта құрылымдай алмаймыз. Себебі интернаты алыс немесе жол жаман.

Дегенмен, аймақта қазір 12 интернат бар. Оларда мектепсіз қалған 241 бала білім алып жатыр. Ал 4 жарым мыңға жуық оқушы көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный