Еліміздегі ЖОО-да Аризона университетінің филиалы ашылуы мүмкін

Еліміздегі ЖОО-да Аризона университетінің филиалы ашылуы мүмкін

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Аризона университетінің президенті доктор Р.Роббинспен және АҚШ-тың Аризона штатындағы Өкілдер палатасының спикері Р.Бауэрспен онлайн кездесу өткізді.

ҚР БҒМ мәліметінше, күн тәртібінде стратегиялық серіктестік және Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университетінің филиалын ашу мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында тараптар алдағы бірлескен жұмыс барысын талқылады. Аризона штаты Өкілдер палатасының төрағасы Р.Бауэрс жобаны жан-жақты қолдауға дайын екенін мәлімдеді және білім беру сапасын арттырудағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Білім саласы, IT, инженерия, агро-техникалық және т.б. бағыттар бойынша оқыту АҚШ-та аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі деген уағдаластық бар.

Негізгі басымдық қосдипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға беріліп отыр. Сондай-ақ халықаралық профессорлар мен бизнес-қауымдастық өкілдері жұмылдырылады.

Енді 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Аризона университетімен бірлескен жұмысты бастау үшін стратегиялық ынтымақтастықты бекітетін нормативтік құқықтық құжатты қабылдау керек», - делінген мәліметте.