Павлодар облысында оқушылар суық кабинеттерде оқуға мәжбүр болған

Павлодар облысындағы Әуелбек ауылындағы мектеп оқушылары көмір тапшылығына байланысты бір ай бойы суық кабинеттерде білім алуға мәжбүр болған. Бұл туралы алдымен мектептің от жағушысы әлеуметтік желіде ақпарат таратқан.

Ол «көмірдің сапасы өте нашар, ұсақ, жанбайды» деп шағымданған. Осының кесірінен білім ошағындағы жылу жүйесі қатып, оқушылар онлайн оқу үрдісіне көшірілген. Жағдайды облыс әкімі өзі барып тексерді. Бүгінде Әуелбек ауылына көмір жеткізіліпті. Бірақ температуралық режим әлі де қалыпты нормаға сәйкес келмейді. 

Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:

– Осындай жауапсыздыққа жол берген аудан әкіміне және Білім беру басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялаймын. Қалған кінәлі тұлғаларға қатысты заң талаптарына сәйкес өздерің шешім қабылдаңдар.