Шымкенттік оқушы әлемнің 34 университетінен шақырту алды

Оқушы халықаралық IELTS, Duolingo сынақтарынан сүрінбей өтіп, жоғары балл жинады. Сондай-ақ 650 сөзден тұратын мотивациялық эссе жазып, үздік нәтиже көрсетті. Білімдар жастың есімі Мирас Сейілхан. 

Лицейдің 11-сынып оқушысы Мирас Сейілхан Америка, Ұлыбритания, Канада мен Испания, Австралия еліндегі жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алды. Бірі тегін білім алуына жағдай жасаса, енді бірі түрлі жеңілдік ұсыныпты. 17 жастағы дарынды оқушы әлі нақты шешім қабылдап, таңдау жасап үлгермедім, дейді.

Мирас 7-сыныптан бастап өзін жан-жақты дамытуға көңіл бөліпті. Алғырлығының арқасында өзі оқитын мектептің Президенті атанды. Сондай-ақ түрлі әлеуметтік жобаларға бастамашы болып, волонтерлік клуб құрды. Қаржы мен экономика мамандығын игеру үшін халықаралық сынақтарға арнайы дайындалған.

Мирас Сейілхан, оқушы:

- Ең бастысы ол «Тайм менеджмент». Яғни алдын ала дайындалу. Сонымен қатар алдын ала қай жерде оқығың келетінін шешу. Мен шамамен 7-сыныпта шешім қабылдадым. Сондықтан маған дайындыққа уақыт көп болды. Сонымен қатар жақсы ортаның табылуы. Осы лицей қабырғасында өте үлкен жетістікке жеткен ағаларымыз бар. Әлемдік деңгейдегі университеттерде білім алатын. Солардың да қызықты оқиғалары маған мотивация берді. 

Білім ордасының оқытушылары білікті шәкірт дайындау үшін сабақтарды тереңдетіп оқытады. Оқушылар 10-сыныптан бастап шет тілдерін үйреніп, білім сынақтарынан сынға түседі.

Дукат Қабылқаев, мұғалім:

- Қазір 20 бала бар. Бірақ айтқанымдай шақырту ол 100% тегін оқу емес. Ол шақырту. Сол үшін кейбір балаларда қаражат жағынан қиындықтар болып бара алмауы мүмкін. Мирастың үлкен плюсі 34 түрлі шақырту алып жатқаннан кейін таңдай алады.

Полиглот оқушылардың басты мақсаты елімізді жаңа деңгейге көтеру. Мирас та оқуын тәмамдаған соң ол елге оралып, алған білімін елді көркейтуге жұмсағысы келеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов