Абай облысында оқушылар төбесінен су ағатын мектепте оқиды

Қыркүйек қыр астында. Сабақ басталуға санаулы күн қалды. Алайда Абай облысындағы кейбір білім ордасы жаңа оқу жылына дайын емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақсуат ауданы Екпін ауылындағы мектептің қабырғалары жарылып, сынып бөлмелері көгеріп кеткен. Спорт залдың төбесінен су сорғалағандықтан комиссия шешімімен жауып тастапты. Жергілікті шенділер 300-ден астам бала білім алатын мектептің мәселесін беске білгенімен дәрменсіз. Ал ата-аналар айта-айта шаршаған. 

Майра Солтанбаева, ата-ана:

Толық жөндеу керек. Балаларымыз мұнда оқи алмайды. Көк сасып тұр. Баланың денсаулығына өте зиян. Кабинеттердің бәрінен су ағады. Кейбір бұрыштары құлағалы тұр. Спорт залдың бір қабырғасы мүлде кеткелі тұр.

Мектеп басшылығының айтуынша, 161 терезе мен 107 есікті ауыстыру қажет. Білім ордасындағы парталар мен шкафтар да ескірген. Ағымдағы жөндеуге бөлінетін қаржы төменгі қабаттағы бөлмелерді әктеп, сырлауға ғана жетті.

Берікхан Құрманғожин, мектеп директорының міндетін атқарушы:

– Бастауыш сыныптар, тағы да басқа пән кәбинеттері су кіргендіктен көгеріп, оқуға жарамсыз болып тұр. Былтырғы оқу жылында ол кабинеттерді жауып, онда оқитын балаларды басқа кабинеттерге оқытқанбыз. Биылғы оқу жылында да солай шешейік деп отырмыз.

Өйтпеске амалдары жоқ. Ал аудандық білім бөліміндегілер мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттың дайындалып жатқанын айтты.

Самал Дәуітбаева, Ақсуат аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Құжаттың нақты сомасы мемлекеттік сараптамадан соң белгілі болады. Құжат нақты аяқталғаннан кейін бюджетке өтінім беріледі. Егер қаражат бөлінген жағдайда 2023 жылы мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жасалынады.

Салынғанына 30 жылдан асқан мектептің оқушылары екі ауысыммен оқып жүр. Білім ордасына жеделдетіп жөндеу жасалмаса, бұл күндеріне де зар болып қалуы әбден мүмкін.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов