Алматыдағы студенттік жатақхана тапшылығының шешімі бар ма?

Алматыдағы кейбір жоғары оқу орындары жатақхана тапшылығын шешу үшін хостелдер мен қонақ үйлерді жалға алып жатыр. Бүгінге дейін 7 мыңнан астам студент сол жерлерден орын тапқан. Дегенмен, қалада жатақханаға деген мұқтаждық әлі азаяр емес. Себебі құрылыс баяу, ал Алматыда білім алғысы келетіндердің саны былтырмен салыстырғанда 8 мыңға артқан.

Сәтпаев университетінің 2-курс студенті Айдана Жарқын әу баста жатақханада тұрғысы келіпті. Бірақ орын жептей қалған. Пәтер жалдауға қалтасы көтермейді. Шәкірттерін далада қалдырмау үшін оқу орны 290 орындық хостелді бір жылға жалға алыпты. Жатахқанаға сыймай қалған студенттер түгелімен сол жерге жайғасқан. Әр студент айына 32 мың теңге төлеп тұрады екен. Қалған 32 мың теңгені университет төлейді. 

Айдана Жарқын, студент:

- Квартиралардың бағалары өте қымбат болды. Яғни студент үшін ол қолайсыз жағдай болды. Яғни 200, 250 сондай бағада болды. Бізге ол өте қиын десек те болады.

Қалалық Жастар саясаты басқармасының мәліметінше Алматыда 32 мың студент жатақханаға мұқтаж.

«Хостел, қонақ үйлер мен жекеменшік жатақханалар студенттік қалашықтың ішінде болмаса да, жоқтан көрі жоғары», - дейді жастар. Бұл жерлердегі қауіпсіздік пен тәртіп университет тарапынан қадағаланады.  

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Ұзақ мерзімді осы ГЧП механизмі ғана  шешеді. Президенттің өзі де осы халыққа жолдауында осы мәселені айтып, сызып бізге тапсырма беріп жатыр. Былтырдың өзінде 49 жатақхана салынды Қазақстан бойынша. Биылдың өзінде 35-36 жатақхана салынады деп жоспарланып жатыр Қазақстан бойынша. Бұл дегеніміз 10 мыңнан астам орын болады.

Статистика бойынша, Алматыда 182 мыңнан астам студент білім алады. Оның 120 мыңы өзге өңірден келген қыз-жігіттер. Сондықтан жатақханаға сұраныстың жоғары екені заңды. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 3 мың студентке орын жетпейді. Дегенмен, университет 2 жатақхананың күрделі жөндеу жұмыстарын әлі аяқтай алмай отыр. 

Мұрат Жанғазиев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ департамент директоры:

- Жатақхана заманауи талапқа сай жөнделіп жатыр. Мысалы, бұрын ортақ душ болса, қазір әр секцияда жеке душ болады. Осындай инженерлік жұмыстарға байланысты кешеуілдеп қалды. Осы айдың басында дайын болуы керек еді. Енді 20 қыркүйекке дейін бітіруге тырысамыз.

Қалалық әкімдік университеттерге жатақхана салуға көмектесуге әзір. Мысалы, 2025 жылға дейін 12 мың орындық және 2030 жылға дейін 20 мың орындық студенттер үйі салынбақ. Алайда Алматыға арман қуып келген студенттердің саны жыл сайын артып отыр. 

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев