Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әл-Фараби ескерткіші алдындағы алаңда танымал тұлғалар, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, белгілі ғалымдар, жазушылар, қазақстандық эстрада жұлдыздары, блогерлер, оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен бірінші курс білімгерлерін «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті.

Дәстүрлі мереке бірінші курс студенттерінің шеруінен басталды. Салтанатты шараға жиналған 5000 адам жиналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бірінші курс студенттері мен қонақтарды айтулы күнмен құттықтай отырып, университеттің қазіргі жетістіктерімен бөлісті.

ЖОО басшысы өз сөзінде: «Университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы сіздердің толыққанды білім алуларыңызға қызмет етеді. Өткен жылдан бері жатақханалар мен оқу корпустары күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Алдағы уақытта жаңа жатақхана ндеу тастады.

ҚазҰУ әлемдік рейтингтегі көшбасшы оқу орындарының қатарында. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет университетке келіп, оқытушылармен және студенттермен кездесіп, ЖОО-ны дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Биыл ұлттық университет QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді.

Жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Биыл мемлекет басшысының қолдауымен Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте ҚазҰУ филиалдары ашылды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.

Университетте 25 мыңға жуық студент оқиды, олардың 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер. Жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға 7690 студент қабылданды: мемлекеттік грант - 5156, ақылы бөлім - 2534 студент. Олардың ішінде 672 "Алтын белгі", 619 "Үздік аттестат" иегері, 12 ғылыми жоба жеңімпазы, 69 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері бар.

Биылғы салтанатты рәсім форматы дәстүрлі кілт беруден өзгеше. Бірінші курс студенттері сахнадан дербес QR-кодын сканерлеп, ерекше сәтке атсалысты.

Студенттерге «Ұлытау» этно-рок тобы, әнші Гүлнұр Оразымбетова, MALIKA YES, «Меломен» тобы және өзге де эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.

Мерекеде ҚазҰУ-дың талантты, креативті жастары да өнерлерін паш етті. Химия және химиялық технологиялар, биология және биотехнологиялар факультеттерінің студенттері университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтарының тұсаукесеріне қатысты.  Сондай-ақ ЖОО спортшыларына – халықаралық және ұлттық жарыстардың жеңімпаздарына кубоктары табысталды. Студенттер мерекесі фантастикалық лазерлік шоу мен би кешіне ұласты.