Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті болып тұр

Шымкенттегі білім беру ұйымдары келесі жылдан бастап толық екі ауысымда оқыту форматына көшуі тиіс.

Ел Президенті шаһарға жасаған сапарында жергілікті атқарушы билікке дәл осындай тапсырма берді. Сондықтан 2023 жылы үш ауысымда бала оқытатын мектеп мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңа білім беру ұйымдарын көбейту керек. Сондай-ақ шаһарда халық санының тығыздығына байланысты демографиялық өсім жақсарды. Мектеп мәселесіне қоса заманауи перзентхана қажеттілігі де кезек күттірмей шешілуі керек мәселе.

Шымкенттегі №45 мектеп-гимназия қаладағы үш ауысымда бала оқытып отырған төрт мектептің бірі. 800 орынға лайықталған нысанда 2 мың оқушы білім алады. Оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен ұстаздар бөлмесі мен кітапхана бөлімінде бала оқытуға мәжбүр. 

Әсемгүл Сейтанова, мектеп директорының орынбасары:

- 9 сынып қабылдадық. Екі қазақ сыныбы, жеті орыс сыныбы. Әр сыныпқа отыз оқушыдан қабылданды. Біздің мектепке келушілер өте көп болғандықтан біз одан артық қабылдай алмадық. Шектеулер қойдық әрине. Сыйымдылықты арттыру үшін біз қосымша кабинеттер қолданып жатырмыз. Қазір мүмкіндігінше ұстаздар бөлмесі оқу кабинетіне жабдықталды.

Аталған мектепте оқушы тығыздығына байланысты қосымша ғимарат салу ісі күн тәртібіне қойылды.  Енді жаңа оқу жылынан бастап 300 орынға лайықталған қосымша ғимарат пайдалануға берілуі керек. Ата – аналар болса нысан құрылысының тезірік аяқталуын тағатсыздана күтіп жүр.

БЛИЦ:

- Таңғы 08:00 де уже мектепте болу керек. Қиын алты жасар балаға. Уже қыс келе жатыр. Мектеп салынсын деді салынып жатыр. Соны күтіп жатырмыз. 

- Енді балдар қиналады. Өзіміз екі ауысымға үйренген үш ауысым болса қараңғыда қайтады ғой. 

Үш ауысымда білім беретін мектеп мәселесін түбегейлі шешу үшін «100 мектеп» бағдарламасы бойынша құрылыс қарқын алды. Қалалық білім басқармасының өкілдері осылай дейді. Кешенді жоспар бойынша келесі жылы бұл мәселе түбегейлі шешілуі керек.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Осы екі жылдың көлемінде 58-ге жуық білім беру ұйымдары тапсырылды. Дәл осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде осы үш ауысымда білім беріп жатқан тоғыз мектептің төртеуі қалды бүгінгі таңда. Үш ауысымды мектеп мәселесі ендігі 2023 жылы толығымен шешімін тапқалы отыр.

Шымкент мектептерінде биылғы жаңа оқу жылына қабылданған бала саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бірінші сыныпқа 28 мың оқушы қабылданды. Сәйкесінше шаһарда жылына 34 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашады. 

Бала туу көрсеткіші артты

Шымкентте заманауи стандартқа сай перинаталдық орталық салу заман талабы. Мемлекет басшысы бұл жоспарды жедел жүзеге асыруды тапсырды. Себебі қаладағы төрт бірдей бала босандыру орталығы аздық етеді. Статистика бойынша шаһарда әр 15 минут сайын бірі бала жарық дүниеге келеді.

Сәуле Дүйсенбаева, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұның құрамында алдын болмаған бөлімшелер ашылады. Бұл неонаталды хирургия, ерте араласу бөлімі және де генетика бөлімдері жоспарлануда. Құрылыстың аяқталуы 25-26 жылдары болып тұр. Сол уақытқа дейін біздің денсаулық сақтау басқармасы кадр дайындап жатырмыз. Резидентураға оқытып жатырмыз. Кадр тапшылығы болмайды деп ойлаймын. 

Бала туу көрсеткішіне сай жаңа құрылыс нысандары қарқынын бәсеңдетпей тиісті мерзімінде пайдалануға берілуі керек. Әйтпесе шешілуі тиіс мәселе қайта күрмелуі мүмкін. Сондай-ақ 2025 жылға дейін баланың бас уақытын тиімді өткізуі үшін тағы бір оқушылар сарайы салынуы тиіс.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов