Түркістан өңірінде жаңа 7 мектеп ел игілігіне беріледі

Биыл Республика күні қарсаңында Түркістан өңірінде 7430 орынға арналған 7 жаңа мектеп пен спорт кешені ел игілігіне тапсырылады.

Бұдан бөлек облыс орталығында 240 отбасылық тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Қазығұрт ауданында электрлік желілері іске қосылса, Бәйдібек пен Түлкібас аудандарында аллеялар ашылады. Ал Сарыағаш және Ордабасы аудандарының бірқатар ауылы таза ауыз су мен табиғи газға қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 19-20 қазан күндері Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері байқауы ұйымдастырылады. Оған 15 мемлекеттен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы ең үздік орындаушылар қатыспақ.

Аңсар Өсербаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы: 

- Республика күнін мерекелеудің тағы бір ерекшелігі «Таза табиғат» атауымен жаппай экологиялық науқан өткізуді дәстүрге айналдыру. Бұл өскелең ұрпақты қоршаған ортаға ұқыпты қарап, экологиялық тәрбиеге ықпал етеді. Сонымен бірге мерекенің бүкіл халықтық атмосферасын қалыптастыру және халықтың барлық нысаналы топтарын қатыстыру мақсатында орталық алаңдарда, саябақтар мен скверлерде жаппай серуендер ұйымдастырылады.