Атырау мектептерінде «Отбасы – тәрбие бастауы» кеңесі өтіп жатыр

Атырау мектептерінде «Отбасы - тәрбие бастауы» атты ата-аналар мен ұстаздар және қоғам белсенділерінің кеңесі өтіп жатыр. Оны облыстық білім басқармасы ұйымдастырған.

Алқалы жиында жас ұрпақ тәрбиесіндегі мектептің ролі, болашақ азаматтардың қалыптасуына қоғамның әсері туралы әңгіме болды. Сондай-ақ оқушылар тарапынан болып жататын кейбір келеңсіз жағдайлардың шығу себептері сарапталды. 

Келелі кеңесте сөз алғандар бүгінгі бала тәрбиесі және ұстаз беделі туралы өз ойларын ортаға салды. Бүгінгідей жаһандану заманында жас буынды сыртқы ортадағы зиянды әсерден қалай қорғаймыз? Ол үшін мектеп не істеуі керек, ата-ананың ролі қандай?  Бала тәрбиесіне жауаптылар міне, осы тақырыпта ой өрбітті. 

Әлібек Ермекқали, «Әкелер кеңесінің» төрағасы:

- Ер балаларды тәрбиелеуде ер мұғалімдердің болуы үлкен жетістіктерге жеткізуге жол ашады ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің деген, ата-ана өз балаларына өз дәрежесінде тиісті тәлім-тәрбие беретін болса, мұғалімдермен сыйласу да, азамат болып қалыптасуда үлкен мүмкіндік болар деп ойлаймын.

Бүгінде бала тәрбиесіне жауапты орта оқу орындарынан өзге ондаған қоғамдық ұйымдар бар. Соның бірі «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. Жиында ұйымның негізгі мақсаты және бүгінге дейін атқарған жұмыстары таныстырылды.

Нұркен Асанов, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар ҚБ құрылтайшысы:

- «Сенімен болашақтың» басты мақсаты жұмыла ата-аналардың ойын ояту. Біз болашақ ұрпағымыздың өсуіне біз ата-ана жауаптымыз. Онан кейін барып ұстаз, онан кейін қоғам, онан кейін мемлекет. Сондықтан «отбасынан басталады» деп біз мақалдатқанда алдымызға жан салмаймыз. Мақалды шынайы түрде іспен дәлелдейтін ата-ана мәдениетін қалыптастыруымыз керек.

Бұған дейін Атырауда мектеп басшылары, ардагер ұстаздар және белсенді ата-аналардың қатысуымен форум өткен болатын. Енді осындай кездесулер облыс аудандарында жалғасатын болады. 

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев