Оқу орындары диплом басып шығаратын мекемеге айналмауы тиіс

«Диплом емес, білім культке айналуға тиіс».

Бүгін Алматыда жастармен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиында Президент техникалық кадр тапшы екенін айтты. Ал бізде экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы уақытта 150 мың жаңа жұмыс орыны пайда болады. Осы жерде мемлекет басшысы білім деңгейіне тоқталды. Оқу орындары диплом басып шығаратын мекемеге айналмауға тиіс. Бастысы білім керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Білім беру ісі талапқа сай келмеген бірқатар жоғары оқу орны мен колледж жабылды. Бұл жұмыс жалғасын табуға тиіс. Осы бағытта ешкімге жеңілдік жасалмайды. Өйткені елімізге диплом тарататын мекемелер емес, бәсекеге қабілетті оқу орындары керек. Қоғамымызда диплом емес, білім культке айналуға тиіс. 

Компаниялар зерттеу ісіне қаржы бөлуге міндеттеледі

Педагогтің мәртебесі де айтылды. Үкімет 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап оқытушылардың, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдардың еңбекақысын өсіруді  пысықтайды. Әрі келесі жылы 1 сәуірге дейін жатақхана тапшылығын жою үшін тың тәсілдер әзірлейді. Осындай тапсырма берген Мемлекет басшысы «университеттер жеке сектормен тығыз ынтымақтастық орнатуы керек» деді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Менің тапсырмаммен Үкімет салық жеңілдіктерін жасау арқылы бизнесті бұл іске жұмылдыру тәсілдерін әзірлеп жатыр. Бизнесті ғылыми-зерттеу жобаларына қаржы салуға ынталандыру өте маңызды. Жер қойнауын игеретін компанияларға зерттеу жұмыстарына қаржы бөлуді міндеттеу керек. Ол үшін заңдарды жетілдіріп, тиісті өзгертулер енгізу қажет.