Жылыжайы бар мектепте биология сабағын табиғат аясында өткізуге болады
Еліміздегі 60-қа жуық мектептің жанында жылыжай салынған.
Соның арқасында білім ордасының асханасын жеміспен қамтамасыз етіп ғана қоймай, биология пәнін қыс мезгілінде табиғат аясында өткізуге болады. Балалардың бағбан кәсібін де игеруге мүмкіндігі бар. Мәселен, Ақтөбе облысындағы Қобда ауданына қарасты Талдысай ауылы орта мектебінің оқушылары қаңтардан бері өздері өсірген қиярды тұтынады.
Жеті жыл бұрын салынған жылыжайдың көлемі 64 шаршы метр. Жылу жүйесі мектепке тиесілі ортақ қазандыққа қосылған. Көкөністің қыстың саршұнақ аязында да жайлы жағдайда өсуіне барлық жағдай бар. Бастысы білім беру үрдісінде жаңалық пайда болған. Ұстаздар биология пәнінің теориясын тәжірибемен сәтті ұштастырып жүр.
Таңат Ешмұханов, биология пәнінің мұғалімі:
- Жылыжай бізде оқушыларға эксперимент көрсетуге, осы қиырлардың қалай өседі, өсу үшін қандай фактор керегін және де топырақтың құрамын, қандай тыңайтқыштар қолдану керектігін көрсетуге өте пайдалы.
Жылыжайда жұмыс қыркүйек пен мамыр арасында, яғни оқу жылы кезінде қызып жатады. Топырағы әзірленіп, тыңайтқыш салынған соң, қазан айында қияр тұқымы себіледі.
Айнагүл Аманшиева, мектеп қызметкері:
- Голландский сорттарды выращивать етеміз. Жаңағы кураж, герман, миринда деген сорттарды. Өйткені мұның ішінде даладағыдай болмайды. Бұлар самоопыляемый тұқымдар. Қаңтар айынан бастап береді. Содан біздер осы апрельге дейін мектептің асханасына, балаларға сосын жаңағы аз қамтылған отыбасыларыға береміз.
Шағын кешенге жауапты мамандар жазғытұры қол қусырып қалмаймыз дейді. Оқушылармен бірге қызанақ пен қырыққабат, бұрыштың тұқымын сеуіп, көшеттер әзірлейді. Соңғы қоңырау қарсаңында балалар жылыжайда өскен өсімдіктерді мектеп ауласындағы бақшаға отырғызып, күз түсе жинайтын өнімді қамдап кетеді.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков