Алматыда «Қазақстандық ғалым әйелдер» энциклопедиясының тұсаукесері өтті
Бүгін Алматыда «Қазақстандық ғалым әйелдер» энциклопедиясының тұсауы кесілді.
Басылымға отандық ғылымға еңбегі сіңген 84 адамның есімі енген. Олар медицина, психология, филология, философия және жаратылыстану ғылымдарының үздіктері. Ғалым әйелдер еліміздің 25 университеті мен 15 ғылыми-зерттеу институты арқылы іріктелген. Екі жарым жыл жазылған жинақ 100 дана болып шығыпты. Алда келесі томдарын шығару жоспарланып отыр. Қазір елде аты танымал 10 мыңнан аса ғалым әйел, әртүрлі салада еңбек етіп келеді. Олардың тың зерттеулері әлемге танылуы керек, дейді авторлар.
Таңат Аяпова, филолог-ғалым:
- Сол іріктеудің нәтижесінде біздің энциклопедияға 500-ден астам ғалымның ішінен 84-і ғана кірді. Бұл белгілі қазақстандық ғалым әйелдер. Бұл қоғамда тек сол кісілер ғана емес, әлі қаншама кірмеген ғалымдар бар. Қаншама қатыспаған ғалымдар бар әртүрлі мамандықта. Сондықтан біздің энциклопедияның екінші, үшінші томы әрі қарай жалғасады дейміз.
Аягүл Миразова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Энциклопедияға кіре салу ол оңай дүние емес. Оның үлкен еңбегі болу керек қай салада болса да және оның нәтижесі болу керек. Сондықтан да энциклопедияға өзіндік орны бар, ғылымға қосқан үлесі бар, еліміздің болашағына келешегіне қосқан үлкен үлесі бар азаматшалар енді.