Шығыстағы Бородулиха ауданында қазақ мектебі жетіспейді
Абай облысының Бородулиха ауданында мемлекеттік тілде білім беретін мектеп тапшы.
Өңірдегі 32 білім ордасының үшеуі қазақ тілінде оқытады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жеткіліксіз. Ал аудан әкімдігі бұған не дейді?
Үш баланың анасы Аягөз Қуаттың тұңғышы Новопокровка ауылындағы қазақ мектебінде оқиды. Білім ордасы 1993 жылы салынған балабақша ғимаратында орналасқандықтан оқушыларға қолайсыз екенін жасырмады.
Аягөз Қуат, Новопокровка ауылының тұрғыны:
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, дәліз өте тар. Қоңырау кезінде балалар бір-біріне соқтығысып жатады. Сондықтан жаңа мектеп салынса деп ойлаймыз. Әсіресе балаларға жақсы болар еді.
Рауфа Әликеева Новопокровка ауылының тұрғыны:
- Біздің ауылда мемлекеттік тілде білім беретін мектепке сұраныс жоғары. Тілегіміз: сыныптар оқушыларға қолайлы, кең әрі жайлы болса дейміз. Мына мектепте ондай жағдай жоқ. Парта жетіспейді.
1997 жылы ашылған білім ордасында бүгінде 150-ге жуық бала оқып жатыр. «Соңғы жылдары ауылымызға сырттан бірнеше отбасы қоныс аударды. Оның ішінде қандастарымыз да бар. Бала саны да көбейіп келеді. Барлығы жаңа мектептің салынғанын күтіп жүр» дейді мектеп директоры.
Ермек Әбдікәрімов, мектеп директоры:
- Бұл ауыл халқы жылдан жылға өсіп келе жатқан ауыл. Семей қаласына жақын орналасқан. Бала саны да жылдан жылға көбеюде Ата-аналар көптен бері сұрап жүр. Жаңа, заманауи мектеп болса деп.
Ал Новопокровкамен іргелес Дмитриевка ауылындағы мектепте мемлекеттік тілдегі сыныптарға сұраныс артып отыр. Ата-аналардың сұрауымен былтырғы оқу жылынан бастап 4 қазақ сыныбы ашылыпты.
Зумрат Ықыласова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Осы ауылдың оқушылары 20 жылдай аудан орталығындағы мектепке тасымалданып оқыды. Биылғы жылы, яғни 2023-2024 оқу жылында 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін қазақ сыныптары ашылады деген жақсы хабарамыз бар. Бұл енді үлкен қуаныш.
Азамат Қасым, тілші:
- Өңірдегі кейбір ауылдарда қазақ мектебі болмағандықтан оқушылар осылай аудан орталығындағы мектепке келіп оқуға мәжбүр. Жалпы, Бородулиха ауданында бүгінде 611 бала автобуспен тасымалданады.
Оның ішінде 82 оқушы аудан орталығы Бородулиха ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ мектебіне Дмитриевка, Ивановка, Михайличенково, Знаменка елді мекендерінен келіп оқиды. Бұл мәселе әсіресе ата-аналарды алаңдатып отыр.
Ахметқали Нұрғожин, аудан әкімі:
- Биыл Ивановка ауылындағы мектепте де қазақ сыныптарын ашуды жоспарлап отырмыз. 1 мен 4-сыныптар арасында міндетті түрде ашылады. Одан кейін 5 пен 11 сыныптар арасында ашуға жұмыс істейміз. Неге десеңіз, бұл ауыл аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан. Қыста жол қиын, қалың қар.
Балабақша ғимаратында білім алып жатқан Новопокровканың оқушыларына мектеп салына ма? Бұл сауалды облыстық Білім басқармасы өкілдеріне қойдық. Алайда құзырлы мекеме жаңа мектеп салуға негіз жоқ екенін жеткізді.
Әсем Нүскенова, Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Мектепті апатты деп тану үшін негіздеме болу керек. Құжат болғаны дұрыс. Бұл мектепке ондай санатқа жатпайды. Сондықтан биыл ағымдағы жөндеуге қаржы қарастырамыз.
Бүгінде Абай облысында 8600 балаға орын жетіспейді. Осыған орай өңірде 2027 жылға дейін «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 11, аймақтың кешенді даму бағдарламасымен 6 шағын жинақты мектеп салу жоспарланып отыр.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов