Солтүстіктегі ауылдарда адам саны азайып барады
Елдегі мектептердің 40 пайызы шағын жинақталған.
Өйткені білім ордаларында бала жетіспейді.
Тіпті кейбір елді мекенде бірнеше сыныптың оқушылары бір бөлмеде оқиды. Мәселе Мәжілістің әлеуметтік - мәдени даму комитетінің Петропавлда өткен көшпелі отырысында көтерілді.
Солтүстік Қазақстан облысында 352 шағын жинақталған мектеп бар. Солардың бірі Архангелька ауылында орналасқан. Қазір мұнда 126 бала білім алады. Кейбір сыныптар жас ерекшелігіне қарамастан бірге оқуға мәжбүр.
Сергей Гренадёров, мектеп директоры:
- Кейбір сыныптарда екі баладан оқиды. Сондықтан оларды біріктіруге тура келеді. Көбі көшіп жатыр. Туу көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Мысалы, былтыр 6 бала дүниеге келді.
Елімізде осындай 3 мыңға жуық мектеп бар. Оқушы аздығы, әсіресе, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында байқалады. Олардың жағдайымен Парламент Мәжілісінің депутаттары танысты. Мәселе өте көп.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік - мәдени даму комитетінің төрағасы:
Соның ішінде кадр мәселесі бар жетіспеушілік. Кадр дайындау мәселесі бар. Енді өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұл әрине де материалдық техникалық сұрақтар. Бұл әрине интернет мәселесі. Интернет мәселесі өкінішке орай әлі күнге дейін көп мектептерде шешілген жоқ. Кеше де біз барып көріп жатырмыз.
Қазақстандағы шағын жинақталған мектептерде 190 мың бала білім алады. Олардың мәселесін шешу үшін заңға қандай өзгерістер енгізу керек? Бұл сұрақтар әлеуметтік – мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында талқыланды.
Шолпан Қаринова, ҚР Оқу – ағарту министрінің бірінші орынбасары:
- Ауыл мектептерін дамыту мәселесіне қатысты үлкен пилоттық жоба басталды. Ол Ақтөбе облысында басталды. Келесі оқу жылынан бастап ол 5 облысқа тарайды. Соның ішінде СҚО және тағы басқа бірқатар облыстар бар. Оларда да шағын жинақталған мектептер басымырақ. Осы пиолттық жобаның шеңберінде біз мына мұғалімдерді әдістемелік қолдау жағынан жұмыс жасайтын боламыз.
Шағын жинақталған мектептердегі білім беру деңгейін түсірмеудің тағы бір жолы – онлайн сабақ. Бірақ ол әзірге болмайтын сияқты. Өйткені шалғай елді мекендерде интернет сапасы төмен.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков