Автомобиль жасаушы инженер студенттер Индонезиядан жеңіспен оралды
«SU Racing Team» командасы халықаралық біріншілікке осымен төртінші рет қатысып отыр.
Соның үшеуінде жүлдегер атаныпты.
Бұл өнертапқыштарымыздың төртінші болиды. Осыған дейін метанолмен жүретін үш көлік құрастырған. Индонезияда өткен біріншілікте біздің студенттер жасаған болид 11-орында келді. Бірақ жарыстағы ең белсенді команда атанып, 3 мың доллар сыйақы жеңіп алған. Жарыстың негізгі мақсаты - энергия үнемдеу. Мысалы, 1 литр жанармай немесе 1 киловатт энергиямен ең ұзақ қашықтықты жүріп өту керек.
Әлібек Ибрайым, Сәтпаев Университеті машина жасау факультетінің докторанты:
- Бұл номинация жарыстағы ең белсенді командаға береді. Өздері де машинасын жетілдіре отырып, басқа командаларды ұмытпайтындай командаға береді. Осы жылы Қытай командасына, Индонезияның командасына, Филиппин командаларына көмектескен болатынбыз. Біздің көмегіміздің нәтижесінде олар техникалық инспекциясынан өтіп, трекке шыққан болатын.
Жарысқа Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Таяу Шығыстың 15 елінен 80-нен астам студенттік команда қатысты. Біздің студенттер 1 кВт/сағ электр батареялы энергиямен 261,1 км жол жүре алатын автокөлік құрастырды. Жас инженерлердің өнертабыстары университет тарапынан қолдау тапқан.
Ержан Көлдеев, Сәтпаев Университеті корпоративтік даму жөніндегі проректоры:
- Бұл жерде құрылыс материалдары болсын, үй салу болсын, жылу болсын, айти, машина жасау болсын университеттен конкурс жариялаймыз. Конкурстың жеңімпаздары өз өнертапқышын іске асырады. Яғни біз ақша бөлеміз, студенттердің жас ғалымдардың өздері барып, керек затын алып өздері құрастырады. Әлібектің өзін бизнес компаниялардың өздері қолдау көрсетті. Біз жартылай бағасына көмектесіп отырмыз.
Студенттердің өнертабыстары зертхана немесе шеберханалық деңгеймен шектелмейді. Үздік жұмыстар өндірістік конкурстарға қатысып коммерцияландырылады.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев