Ұлытаудағы ғылыми конференция мысты өлкеге арналды
Мысты өлкені зерттеу және музей ісін жетілдіру.
Ұлытауда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға осы тақырып арқау болды. Жезді өңірде музей қызметін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан Мәкен Төрегелдиннің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға шет елдерден де тарихшылар мен өлкетанушылар келді.
Бұл - Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы. Мұнда ежелгі дәуірден бастап бүгінге кезеңдегі металлургияның пайда болу, қалыптасу, даму жолын қамтитын экспонаттар мен құжаттар жинақталған. Жәдігерлер Ұлытау даласында осыдан 5 мың жыл бұрын мыс балқытқанын дәлелдеп береді. Орталық Азияда теңдессіз мәдени ошақты Жезді өңір жүз жылдығын атап өтіп жатқан Мәкен Төрегелдин құрған.
Боноро Жан Лука, археолог/Италия/:
- Мен Жезді музейінің негізін қалаушы Мәкен Төрегелдинмен осыдан 17 жыл бұрын кездестім. Ол уақыт менің орталық қазақстанда алғаш рет қазба жұмыстарына қатыса бастаған кезім. Жезді – ежелгі металлургия адамзатқа ортақ игіліктердің қалыптасқан ошағы. Осыны жете сезінген Мәкен Төрегелдин сол тарихты музей арқылы насихаттады.
Конференцияның пленарлық отырысында өлкетанушылар мен қоғам қайраткерлері Мәкен Төрегелдиннің музей және туризм ісіндегі қызметі туралы айтты. Тарихшылар Ұлытаудағы ежелгі металлургиялық кешендерді зерттеудің маңызы мен жаңа әдістері жайында пікір қосты.
Сағындық Қожамсейітов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Конференция бұл тек музей ісімен қатар экономиканың келешекте бір саласы туризмді дамытуға бағытталған деуге болады. Бәрінен бұрын жаңадан ашылған Ұлытау облысының экономиасы мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайды деп ойлаймын.
Бүгінде Жездідегі музейге Мәкен Төрегелдиннің есімі берілген. Мұражай қорында 21 мың жәдігер сақтаулы. Оның 17 мыңнан астамы түпнұсқа. Тарих жанашырының тірнектеп жиған дүниесіне отбасы мен ұрпақтары қамқорлық танытып отыр. Дегенмен ашық аспан астындағы ірі экспонаттарға табиғаттан келетін зиян бар. Ол мәселе де осы жиында көтеріліп, музей алаңдарын жел мен судан қорғайтын ғимарат салу ұсынылды.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева