Петропавлда мектептер жаңа оқу жылына дайын емес
Бірінші қыркүйек білім күніне аз уақыт қалды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы кейбір мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр. Олар жаңа оқу жылына дейін дайын болмай қалуы мүмкін. Осыған байланысты өңірде арнайы комиссия құрылды.
№17 ұлттық өркендеу орта мектеп – кешені өңірдегі ең үлкен білім ошақтарының бірі. Екі мыңға жуық оқушы мұнда екі аусымда білім алады. Бүгінде қажетті қауіпсіздік қондырғылары орнатылды. Қазір мектептің кіре берісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келер жылы шатыры ауыстырылады.
Ләззәт Жолмұқанова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп - кешенінің директоры:
- Нысанның төбесін жөндеуге конкурс ұйымдастыру үшін жобалық - сметалық құжаттарды әзірлеп қойдық. Себебі көктемде қар еріген кезде және қатты жауын болғанда шатырдан су сорғалайды. Болашақта енді сол жұмыспен айналысамыз.
Жаңа оқу жылына үш аптадан астам уақыт қалды. Ал облыс орталығында жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатқан мектептер бар. Мәселен бірінші гимназияда шаруалар бірінші тамызда аяқталуы тиіс болатын.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бұл Петропавл қаласындағы нөмірі бірінші гимназия. Мұндағы жүмыстар шамамен бір жарым ай бұрын басталған. Қазір білім ошағының шатыры толығымен ауыстырылып жатыр. Дегенмен учаскеде төрт адам еңбек етуде.
Аталған білім ұясындағы көрініс осы. Шатыры толық жабылмағандықтан, мамандар спорт залды да қалыпқа келтіре алмай отыр.
Татьяна Анцибор, гимназия директоры:
- Ғимарат 1964 жылғы. Содан бері шатыры ауыстырылмаған. Бұзған кезде төбенің құстың саңғырығына толып қалғанын байқадық. Оны тазалауға екі аптадан астам уақыт кетті. Мердігер Қарағандыдан. Жоспар бойынша 10 адам еңбек ету керек. Бірақ жұмысшылар саны онға толмай жатыр.
Бүгінде Шал ақын, Айыртау, Тайынша аудандарындағы мектептерде де жағдай мәз емес. Ал жөндеу жүргізіп жатқан мердігерлердің 80 проценті өзге өңірден.
Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда подрядчиктермен нақты жұмыстар жүргізілді. Жұмысшылардың санын көбейтті. Қазіргі таңда график бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Арнайы комиссия құрылды. Осы комиссияның құрамында білім басқармасының, ГАСК-тың және жергілікті әкімдіктің өкілдері құрамында бар. Осы комиссия мониторинг жүргізіп жатыр.
Биыл аймақта білім ошақтарын қалыпқа келтіруге 4,3 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Ал жыл соңына дейін екі мектеп пайдалануға беріледі деген жоспар бар.
Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков