Дрон жасайтын инженерлер дайындау ісі мықтап қолға алынады
Қазақстанда дрон жасайтын инженерлерді дайындау ісі мықтап қолға алынады.
Сеулде Қорқыт Ата Қызылорда мемлекеттік университетінің басшылығы мен Кореяның төтенше жағдайлар қауымдастығы арасында осындай меморандумға қол қойылды. Қызылордадағы жасанды интеллект мектебінде дрондарды жасау және құрастыру бойынша дәрістер өтеді. Сыр елінде жұмыс істейтін корей профессорлармен Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой кездесті.
Жасанды интеллект мектебі Қорқыт Ата университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің бірлескен жобасы. Мұнда студенттер киберқауіпсіздік, IT және бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша оқытылады. Қызылордада екі жыл тәлім алғандар Оңтүстік Кореяда білімдерін шыңдауға мүмкіндік алады.
Владислав Цой, тілші:
- Сеул ғылым және технология университетінің оқытушылары Қазақстанға іс сапарларымен жиі баратын болды. Өйткені студенттерге сабақ беру үшін олар 2 апта Қызылордада тұрып, одан кейін Кореяға оралып, 2 апта онлайн сабақ беруді жоспарлап отыр. Профессорлардың алғашқы легі Сыр еліне бірер айда аттанады.
Профессор Ким Джэ Су Қазақстанға аттанатын профессорлардың бірі. Онда ол жасанды интеллект технологиялары мен үлкен деректерді басқару бойынша сабақ береді.
Ким Дже Су, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің профессоры:
- Қызылорда облысын алғаш рет ұшақтың терезесінен көргенде оның шөлді аймақта орналасқанына таң қалдым. Мен қайда тұратынымды әлі білмеймін, бірақ маған ұнады. Бізде жасанды интеллектінің заманауи мектебін құру жоспары бар. Осы мақсатқа жету үшін жыл сайын университеттегі қуатты компьютерлер мен серверлердің санын көбейтеміз.
Сондай-ақ тараптар дрондарды құрастыру бойынша курс ашу туралы келісімге келді. Ал сәуір айында оқу ордасында бизнес-инкубациялық орталық пен корей тілін оқыту орталығы ашылады.
Жандос Базартай, Қорқыт Ата университетінің проректоры:
- Қыркүйек айынан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен біз 100 мемлекетік тапсырысқа өтініш білдірдік. Қазір министрлік қолдау жасап отыр. Жасанды интеллект мектебіне берілетін тапсырыстың көлемі Қазақстандағы жалпы берілетін мемлекеттік тапсырыстың көлемінен бірнеше есеп көп болады. Қаржы сомасына келсек, шетелден келетін профессорлардың жалақысы мен кадр мәселесі - бұл өте маңызды.
Жасанды интеллект мектебін құру жобасы тек студенттер мен оқытушы алмасумен шектелмейді. 7 жыл ішінде Сеулден Қызылордаға 190 қуатты компьютер, 8 сервер және роботтарды құрастыруға арналған арнайы жабдықтар жеткізіледі.
Владислав Цой, Ольга Лян