Шымкентте 100 жастағы ұстаз сабақ береді
Шымкентте 100 жастағы әже әлі күнге дейін сабақ береді, деп хабарлайды 24KZ.
Валентина Ивановна бүкіл саналы ғұмырында неміс тілі пәнін оқытқан. Жасының ұлғайғанына қарамастан қазір де шәкірт тәрбиелеуді жалғастырып келеді. Үйде немерелеріне шет тілін үйренуге көмектеседі.
Аударма ісі, оқу, жаттығу жасаумен де айналысады. Ғасыр жасаған ардақты ана ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті.
Валентина Ивановна үшін мына ескі фотоальбомда құнды естеліктер сақталған. Ол мүндағы фотолардағы әр жылдары сабақ берген шәкірттерінің бәрін танып, түсін түстеп отыр. Тіпті қай баланың бұзық, қайсысының жақсы оқығанына дейін біледі. Қазір бұл суреттегі оқушылардың өзі немере сүйіп, апа-атаға айналған.
Валентина Розум, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бұл өте жақсы сынып болатын. Шәкірттерімнің барлығы әртүрлі салада еңбек етеді. Мен жұмыс істеген гимназияда қызмет істейтін мұғалімдердің тең жартысы – менің оқушыларым. Алды зейнетке шығып кетті.
Валентина Ивановна жай ғана ұстаз емес, ол шымкенттіктер үшін тірі аңыз десе де болады. Білікті ұстаз 80 жасқа дейін мектепте жұмыс істеп, ағылшын және неміс тілдерінен сабақ берді. Қазір 100-ге келген зейнеткер немере-шөберелеріне бағыт беріп, білгенін үйретіп отыр.
100 жастағы ұстаз айналасын тек білімімен емес, сонымен қатар өзін үнемі дамытып отыру үлгісімен де шабыттандырады. Кітап оқып, аударма жасайды. Тіпті гимнастикамен айналысуға уақыт табады. «Жастың ұлғаюы әдемі қартаюға кедергі емес», - дейді қарт ұстаз. Оның салауатты өмір салтын ұстануы мен өмір сүрудегі белсенділігі айналасындағыларды жігерлендіріп, күш-қуат сыйлайды.
Валентина Заплатина, №20 мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Ол кісі – өте көңілді адам. Бірақ өте талапшыл. Өз саласының үздігі. Кәсіби біліктілігі мен ізденімпаздығына таңғалмасқа болмайды. Білім берген шәкірттері де өте дарынды, жан-жақты болды. Сабақта балаларға өте әділ болды. Ынтасы бар, оқимын деген балалардың белін буып, көмегін аяған жоқ.
Валентина Ивановна жақында 100 жылдық мерейтойын отбасымен бірге және сүйікті шәкірттерінің ортасында атап өтті. Қарт әже өзінің бір ғасыр бұрын берілген туу туралы куәлігін көрсетіп, «музей жәдігері» деп әзілдегенді жақсы көреді. Ал ұзақ жасауының сырын денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстануымен байланыстырады. Адам өзін күткенде ғана кәріліктің рақатын көретінін айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов.