Батыс Қазақстан университеті өз қаржысына 9 қабатты жатақхана салды
Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті – өз қаржысына жатақхана салған елдегі алғашқы оқу орны.
Мемлекет басшысының студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын жою тапсырмасына сай былтыр бой көтерген 9 қабатты студенттер үйінде 600 шәкірт тұрып жатыр. Құрылысқа кеткен қаржыны Ғылым және жоғары білім министрлігі университетке 6 жыл ішінде қайтармақ.
Батыс Қазақстан университетінің стратегиялық даму жоспарына сай 2019 жылы басталған жатақхана құрылысы былтыр аяқталған. Студенттер үйі заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда ас, жатын, жуыну бөлмелері бар. Қажетті тұрмыстық техникалары мен жиһаздары да түгел. Фитнес зал, дәріхана, медициналық пункт, кафетерий де ішінде.
Дархан Қуатов, студент:
- Бұл деген студенттердің барынша білім алуына, жайлы өмір сүруіне бағытталған жоба. Жатақхана алар кезде кампус сайты бар, алыс өңірдегі, алыс аймақтағы студенттер Орал қаласына келмей-ақ онлайн өтініштерін беріп, 3 күн ішінде жатақханаға кіруге мүмкіндік алады.
Жатақхана құрылысы республикада тұңғыш рет оқу орнының өз қаражатына салынды. Енді осы 2,5 млрд теңгені Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржы орталығы 6 жыл ішінде өтемек. Биыл 432 млн теңге университеттің есепшотына түскен. Оқу орнының басшылығы қайтқан қаржыға спорт залды жөндеп, зертхана салуды жоспарлайды.
Нұрлан Серғалиев, БҚУ ректоры:
- Мына жерде, бір жақсы жері, университет өзі салғанда біріншіден, өз ақшасын қаржы орталығы бойынша қайтарып алады. Екіншіден, ол жатақхана университет балансында тұрады. Студенттер ай сайын 10 мың теңге төлейді. Қазіргі кезде ол балаларға жақсы, тиімді.
Қазір Батыс Қазақстан университетінде 1526 орынған арналған 4 жатақхана бар. Келешекте жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына жаңа ғимараттардың құрылысы басталады.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Б.Жарылғасов