Атырауда 7 жайлы мектеп салынып жатыр

Атырау қаласының іргесіндегі Сарыөзек ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.

Бұған дейін 400-ден астам оқушы қаладағы 4 мектепке тасымалданып келген болатын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген ғимаратта жас ұрпақтың білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Жыл басында облыста осындай 12 мектеп салу жоспарланған еді. Таяуда 2 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 7-еуінің құрылысы жүріп жатыр. Ал қалған үшеуі 2027 жылға дейін салынуы тиіс.

Бұл – қараша айының басында пайдалануға берілген Сарыөзек ауылындағы орта мектеп. Жаңа білім ошағында жас робототехниктер үшін барлық жағдай қарастырылған. 9-сынып оқушысы Нұртас Оспан өз қатарластырымен бірлесіп «ақылды» автокөлік құрастыруды бастапты. Ол робот-машинасын құрбыластарымен бірлесіп жетілдіру үстінде.

Нұртас Оспан, жас техник:

- Менің құрастырған роботымның міндеті – қара жолақтан шығып кетпей және кедергілерге тоқтап, өзі жүреді. Бұл робот әлі аяқталған жоқ. Болашақта аяқтаймын. Мұны телефонмен QR-код арқылы бағдарламаны жүктеп басқаруға болады.

Осы заманғы ең озық технологиямен жабдықталған жайлы мектепте жас ұрпақтың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінген.

Алмагүл Мизамқызы, үйірме жетекшісі:

- Робототехника курсына қатысып жатқан он шақты бала бар. Соның ішінде Нұртас бар, Алмас бар және Нұрсая қызымыз өздері роботтарын құрастырып бастады. Жалпы қазір оқушыларымыздың IT саласына түрлі робот құрастыруға деген қызығушылықтары ерекше.

Сарыөзек ауылының балалары екінші тоқсаннан бастап өз ауылдарында білім алуға қол жеткізді. Бұған дейін 400-дей бала облыс орталығындағы 4 мектепте бөлініп білім алып келген еді. Жаңа білім ошағында химия, математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Онан өзге қыздар үшін тігін шеберханасы, асхана, ұлдарға арналған еңбекке баулу кабинеті бар. Олар кезең-кезеңімен іске қосылады,-дейді мектеп басшылығы.

Ләззат Вахитова, мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Бұл оқуышыларға да, ата-аналарға да өте қолайлы мектеп деп қабылдадық. Себебі, Сарыөзек елді мекенінде бұған дейін мектеп болмаған. Мектепте 24 класс-кабинет бар. Қазіргі таңда 21 класста білім беруді бастап кеттік. 4 қарашада 380 бала қабылданған болатын. Қазір 400 бала 1 ауысымда оқып жатырмыз.

Жаңа білім ошағы күн санап оқушылармен толығу үстінде. Бүгінде Атырау облысында бала санының артуына байланысты. 10 мектеп үш ауысымда білім беріп жатыр. Осыған орай жергілікті билік 2027 жылға дейін 18 мектептің құрылысын жүзеге асырмақ.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Атырауда 7 мектептің құрылысы қолға алынған болатын. Оның міне, екіншісі пайдалануға берілді. Тағы бір мектептің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталуы тиіс. Енді жайлы мектептердің басты ерешелігіне тоқталсақ, мұнда балалар тек бір ауысымда оқиды. Яғни, баланың қалған уақытта түрлі үйірмелерге қатысуға, бос уақытында метептен өзіне керектіні алуға мүмкіндігі болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин