Шығыстағы шалғай ауылдарда шағын мектептер салынып жатыр
Шығыс Қазақстанда шалғайдағы шағын білім беру мекемелерін «Оффтейк келісім-шарт» негізінде жаңарту белсенді жүріп жатыр.
Былтыр осы әдіспен 3 шағын жинақты мектеп салынып, қолданысқа берілді. Биыл тағы бесеуі салынуда. Сондай құрылыстың бірі Күршім ауданы «Бірлік ауылында» басталды. Өйткені аядай елді мекендегі оқушылар салынғанына алпыс жыл болған апатты ғимаратта оқып жүр. Білім ошағының тозып кеткені соншалықты, тіпті, жөндеу жүргізу мүмкін емес.
Бірлік ауылында 82 үй, 300-ге тарта тұрғын бар. Мұндағы 32 оқушы осы шағын жинақты мектепте оқып жүр. 1968 жылы салынған нысанның іргетасы әбден отырған. Ескі ғимарат тек сондағы мамандардың күтімімен ғана қалқайып тұр. «Балаларды мекеме ішінде артық ауыз ұстамауға тырысамыз», дейді мұндағы мұғалімдер. Өйткені жауын-шашында су сорғалайды, ал оны жамап-жасқаған кезде төбесі опырылып түскен кездер көп болған.
Сәуле Есімханова, мектептің шаруашылық меңгерушісі:
- Осы жер төбесі ойылып түсіп қалған, содан кейін ұзын балка темір салды,мынау сол балкамен ғана тұр.
Мектеп асханасы да, кітапханасы да бейімделіп жабдықталған. Спорт зал деген атымен жоқ. Балалар денешынықтыру пәнін қыс бойы осындай тар кабинетте стол теннисін ойнап өткізеді.
Көне мекеменің ішінде шағын орталық та жұмыс істейді.15 бүлдіршін отыратын жердің де төбесі қисайып әрең тұр. Тозығы жеткен ғимараттан оқушылар да, мұғалімдер де келер жылы құтылатын болды. Ауыл іргесінен шағын мектеп салынып жатыр. Құрылысты директор Ринат Нұрбекұлы күнде барып бақылайды. Болашақта оқушылар санын арттыруды да ойластырыпты. Оңтүстік өңірлерден көпбалалы отбасыларды көшіріп әкелмекші.
Ринат Нұрбекұлы, Бірлік ауылдық мектебінің директоры:
- Көп балалы отбасы біздің ауылға келіп тұрғалы жатыр. Көктемде тағы да отбасымен сөйлесіп отырмыз.Қазір енді қыс уақыты болған соң олар көктемде кеп көрейік деп отыр. Бала санын көбейтіп елу орындыққа жеткіземіз.
Ауданда келер жылы тағы да осындай бірнеше шағын білім беру мекемесі салынады.
Айзада Солтанқызы, Күршім аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Болашақта бізде жалпы жоспарлап отырмыз,бұл Қыстау Күршім ауылында дәл осындай мектеп 50 орындық мектеп салынады деген. 2025 кіреді деген жоспар бар,сонымен қатар Ақши ауылында осындай тоғыз жылдық шағын жинақты мектеп салу жоспарлануда.
Бұл мекемелер «оффтейк келісімшарт» бойынша салынуда. Яғни кәсіпкер алдымен нысанды өз қаражатына салады. Соңынан екі жақты меморандумға сай салалық мекеме оны сатып алады. Былтыр дәл осы әдіспен алыс өңірлерде бой көтерген 3 шағын жинақты мектепті сатып алуға жалпы 1 миллиард 350 миллион теңге жұмсалған.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов