Алматылық өнертапқыштар алғашқы отандық компьютерлік ойын әзірлеп жатыр
Алматылық өнертапқыштар алғашқы отандық онлайн форматтағы компьютерлік ойын жасап жатыр, деп хабарлайды 24kz.
«Қазақ-динозавр соғысы» деп аталатын фантастикалық әлемде жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Талантты жігіттердің жобасы Digital Almaty форумында таныстырылды.
Көңілді тапқырлар клубының әзілі фантастикалық ойынның бастауына айналады. Алматылық Руслан Есентаев нейрожелінің көмегімен «Қазақ-динозавр соғысының» суреттерін салған. Әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызығушылық артқан соң тақырыпқа сай фантастикалық ойын құрастыруға бел буыпты. Ол өзі сияқты ІТ мамандарын жинап, жасанды әлемді жасақтап жатыр. Ал суретші Алекс Сорбонн «Қазақ-динозавр соғысы» тақырыбындағы туындысын Қастеев атындағы өнер музейіндегі жеке көрмесінде ұсынған.
Руслан Есентаев, ойын авторы:
- Динозаврлар – менің бала күнімнен сүйікті тақырыбым. Әрқашан осы әлем маған шабыт сыйлайтын. Енді сол шығармашылық энергияны іске асыру мүмкіндігіне ие болдым. Ойынға көшпенділердің үлгісі енгізіледі, ұлттық мәдени ерекшеліктерімізге ерекше мән береміз. Сондықтан бұл қазіргі заманғы технологиялар мен ұлттық мәдениетіміздің тамаша үйлесімі болады.
Ғаламтор ойынын жасауда тәжірибе болмағандықтан команда әлемге танымал ойын платформасын пайдаланып, тестік нұсқасын әзірлеп жатыр. Онда заманауи технологиялардың көмегімен Голливуд фильмдеріне тән шынайы графика жасау мүмкіндігі бар. Көптеген ірі ойын студиялары өздерінің танымал ойындарын осы платформада ұсынған.
Александр Маслов, ойынды жасаушы:
- Біз бұл саланы енді үйреніп жатырмыз, себебі Қазақстанда әлі толыққанды ойын индустриясы қалыптасқан жоқ. Сондықтан бәрін басынан зерттеуге тура келеді, кеңес беретін де ешкім жоқ. Әлемге танымал ойын платформасын пайдаланамыз.
Жоба енді ғана басталды. Ойынның алғашқы бейнесі, форматы мен сценарийі әзірленгенімен, жалпы көлемі мен ұзақтығы әлі нақтыланбаған. Дегенмен, өнертапқыштар: «Ойынның қашан дайын болатынын бір жылдан кейін айтамыз», - деп отыр.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов