Мопед тіркеу мерзімі 5 сәуірде аяқталады

24kz

Алматыда 6,5 мыңға жуық мопед тіркеуден өтіп, мемлекеттік номер алды.

Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады. Ал 5 сәуірден бастап тіркеуден өтпеген мопедтермен жүруге тыйым салынады. Егер тіркемеген жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 40 мың теңгенің көлемінде  айыппұл салынады. Мопед айыптұрағына қойылады. Тіркеу мерзімінің аяқталуына небәрі 4 күн қалды.  Қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына күніне 500-ге тарта мопед иесінен өтініш түседі. Сондықтан кезек көп. Егер ерте бастан қамданса, бұлай сарылып кезек күтіп тұрмас еді, - дейді мамандар. Өзімен бірге жеке басты куәландыратын құжат, мопедтің техникалық сипаттамасы туралы мәліметті алып келуі керек. Өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізіп мемлекеттік баж салығын төлеу қажет.

Айдын Меркімбаев, қалалық ПД ӘПБ процессинг орталығының бастығы:

- Негізі сарапшылардың айтуы бойынша үлкен сандар айтылған болатын. Бірақ заңды тіркеу басталғаннан кейін көзіміз жеткеніміз қазіргі таңда Алматыда мөлшерімен 10 мыңға жуық мопед тіркеуден өтеді деген жорамалымыз бар. Тіркеу өткеннен кейін жол ережесін сақтауға байланысты, мопедтердің ұрлануына байланысты, осы мәселерді біз тиянақты бір қалыпқа келтіреміз деген жұмыс атқарудамыз.

Алмас Тоқтыбаев, мопед жүргізушісі:

- Номер алу дұрыс деп есептеймін. Өйткені жастар көп, қалай болса солай айдайды. Сол енді азая ма деп отырмын. Солар азайып, жұмыс істейтін балалар қалып, қала тазарып, нарушать етпей. Өйткені кезінде мен машина айдағанмын, жол ережесің жақсы білемін. Сол үшін басқа балаларға айтарым, жүргізушілерге жол ережесің сақтаған дұрыс қой.