Әлемдегі қақтығыстар жағдайында туристер нені ескеруі керек?
Әлемдегі геосаяси ахуал, қақтығыстар туризм саласына кесірін тигізіп тұр. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктеріне барған туристер кейінгі күндері еліне қайта алмай қалды. 13 маусымдағы есепке сүйенсек, 3,5 мыңға жуық қазақстандық араб елдерінде демалып жүрген. Қазір олар елге оралған. Арнайы келісім аясында әуе компаниялары туристік коды бар отандастарымызды қауіпсіз бағыт арқылы үйіне жеткізді.
Жалпы жыл басынан бері БАӘ-де 200 мың қазақстандық демалған. «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей: «Қазіргі жағдайда саяхатты кейінге қалдырудың қажеті жоқ», – дейді. Тек тәуекелдерді ескеру керек. Туристік оператормен жасалған келісімді мұқият оқу маңызды. Міндетті түрде «Туристік қамқор» қосымшасын жүктеп алғаныңыз абзал. Ал өз бетінше саяхат жасаймын дейтіндер ойлануы керек.
Инна Рей, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрағасы:
- Турист ұшпаймын деп шешсе, жасалған келісім негізінде қарастыруға болады. Өйткені сіздің сапарыңызды басқа кезге ауыстыруға болады немесе белгілі көлемде айыппұл төлеуге тура келеді. Барлығы келісімшарт негізінде жасалады. Десе де бүгінге дейін бізге ешкім шағымданып келген жоқ. Оған қоса саяхаттаушыларымыз жиі баратын мемлекеттерде, оның ішінде БАӘ-де қазақстандықтардың қауіпсіз демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ ұшақтар қауіпсіз бағыт арқылы ұшатындықтан, жолға кететін уақыт біраз ұзаратынын ескеру керек. Жол құны да өседі.