Жезқазғандағы мектепте бір сыныпта 10-ға жуық ұлттың өкілі білім алады

Қазақ, орыс, беларусь, латыш, татар, молдаван сияқты бірнеше ұлттың өрені бір үйдің баласындай тату-тәтті.

«Бұл – сабақ үстінде және одан тыс өткізілетін тәрбие жұмысының жемісі»,- дейді сынып жетекшісі. Көпұлтты сыныптың оқушылары қазір Қазақстан халқының бірлігі күніне қызу дайындалып жатыр. 

Биыл оқушылар бастауышты аяқтап, орта буынға көшеді. Өзге сыныпқа немесе мектепке де ауысуы мүмкін. Алайда мектеп табалдырығын аттағалы 4 жыл ішінде бір-біріне бауыр басып, достығымыз әлі де жалғасады дейді. Себебі тілі басқа болса да, тілегі ортақ балалар бір-бірінің тілін үйреніп, салт-дәстүріне қанығып үлгерген. 

Әлижан Тәттібай, оқушы:

- Менің достарымның арасында орыс, қазақ, беларусь, қытай, кәріс бар. Олар Багдан, Герман, Наум, Никита Арон, Русалина, Ляйсан. Біз сыныпта барлығымыз доспыз. 

Николь Шюйпис, оқушы:

- Мектепте түрлі ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелер мен дәстүрлерге куә болдық. Қазақстан халқының бірлігі күні көптеген қызықты шаралар өтеді. Мен сыныптағы өзге ұлттың балаларымен доспын. Бірге ойнап, үйімізге қонаққа барып тұрамыз. 

Сынып жетекшісі: «Бастауыштан бастап достықтың мәнін ұғынған бала өскенде ұлтқа бөлінбейді», - дейді. Сондықтан білім ордасында балаларды 1-ші сыныпқа келген күннен бастап бірлікке тәрбиелеу дәстүрі берік орнаған. Мектепте өтетін түрлі шараларда әр оқушы өз ұлтының киімін киіп, өз тілінде дәстүрін насихаттайды.

Наталья Русинова, №22 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

- Татулық біздің басты байлығымыз. Елдегі түрлі ұлт өкілдерінің достығын насихаттау арқылы балаларды бауырмалдыққа тәрбиелейміз. Сондықтан тек білім берумен шектелмей тәрбиеге де ерекше мән береміз. Түрлі шаралар ұйымдастыру арқылы олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіруге тырысамыз.

Білім ордасы жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше форматта атап өтеді. Бұл жолы түрлі халықтың ұлттық музыкасы насихатталмақ. Көпұлтты сынып неміс халқының әндерін шырқайды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүшаһира Серекбаева