БҚО-да қызылшаға шалдыққандар саны 17 есе артты

Батыс Қазақстан облысында қызылшаға шалдыққандар қатары 17 есе өскен. Былтыр 9 айда өңірде не бары 18 адам дерт жұқтырса, биылғы саны 303-ке жеткен. Науқастардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар.

Аймақта 3 мыңға жуық ата-ана сәбилеріне вакцина салдырудан бас тартқан. 

Орал қаласының тұрғыны Ақнұр Бисембаева жуырда бір жастағы ұлына қызылшаға қарсы екпе салдырды. Айтуынша, бала вакцинаны жақсы көтерген, еш асқыну болмаған. Оған дейінгі барлық екпелерді де уақтылы алып келеді.

Ақнұр Бисембаева, Орал қаласының тұрғыны:

- Қазір жағдайы жақсы. Екпеден кейін қандай асқынулар болатынын дәрігер түсіндірді. Ата-аналарға айтатыным, екпеден қорықпаңыздар, жұқпалы қауіпті аурулардың алдын алады, баламның ауырмауына және ауырған жағдайда асқыну болмауы үшін салдырамын.

Иммунологтардың айтуынша, инфекция өте жұқпалы. Әуелі баланың қызуы көтерілсе, кейін жөтел пайда болып, мұрны бітеледі, денеге бөртпе шығады. Ал ауыр жағдайларда өкпе қабынып, жүйке жүйесі зақымданады. Биыл Оралдағы №5 емханада 44 бала аталған дертке шалдығыпты. «Вакцина қызылшаның асқыну қаупін азайтады», - дейді мамандар.

Мира Мәтжанова, №5 қалалық емхананың аллерголог-иммунологы:

- Ең үлкен мәселе – екпеден негізсіз бас тартушылар жиі кездеседі. Ғаламтордағы жалған ақпаратқа сеніп, балаларына вакцина салдырмаймыз деп, қарсылық танытатындар аз емес. Індеттен қорғанудың жалғыз жолы – бұл алдын алу, яғни вакцина ектіру.

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мәліметінше, аймақта жыл басынан бері 303 адам қызылшаға шалдыққан. Ауырғандардың 90% екпе алмағандар екен. 

Жұлдыз Кәрімова, БҚО Денсаулық сaқтау басқармасының бас маманы:

- Батыс Қазақстан облысында қазіргі таңда 3 мыңға жуық егуге қарсылық білдірушілер бар. Олармен тұрақты түрде жұмыс жүргізіледі. Биылғы жылдың 10 айында осы 600-ден астам ата-ана келісім берді егуге. Қазіргі таңда балаларды екпе алуды жүргізіп жатыр. Олармен әңгіме жүргіземіз, кездесу өткіземіз. Алматы қаласынан профессор биыл шақырдық.

Мира Қауымбаева, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы:

- Биыл бізде қызылша бойынша жағдай тұрақсыз. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, аурудың таралуы 16,8 есе артқан. Қызылша, әсіресе мектеп-балабақшаларда тіркеліп жатыр. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты бізде бұйрық бойынша қызылшаға, көкжөтелге және паротитке қарсы қосымша иммундау шарасы енгізілді.

Күні бүгін өңірде бір жастағы балалардың 85%, ал 6 жасқа дейінгі балалардың 75% екпе алған. Қосымша 3 мың доза вакцина сатып алуға бюджеттен 9 млн теңге бөлініпті.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: