Криптовалюта: нені қаперде ұстаған жөн?
Сонымен 1 мамырдан бастап Қазақстанда криптовалюта толық заңдастырылады.
Енді онымен төлем жасау үшін не істеу керек? Ол үшін ең алдымен лицензиясы бар биржада тіркеліп, жеке тұлғаңызды растауыңыз қажет. Одан кейін АҚШ долларына байланған стейблкоинмен арнайы крипто әмияныңызға ақша құя аласыз. Келесі кезеңде банк қосымшасы арқылы CryptoPay картасын ашу қажет. Міне осыдан кейін картаны Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay-ге байлай отырып, криптокартаны кәдімгі банк картасы сияқты қолдана аласыз. Ақша айырбасы автоматты түрде жүргізіледі. Әмияннан доллар түрінде бірден шешілгенімен, саудагер ақшасын теңгемен қабылдай береді. Десе де, мамандар криптонарықтағы қатерді қаперден шығармау керегін ескертеді. Цифрлық валюта заңдастырылғанымен қауіпсіздік мақсатында тұтынушыларға біраз шектеу қойылған. Мәселен, Қазақстан аумағында жүріп тұру немесе қызмет үшін тікелей саудагерге криптовалютаны аударуға болмайды. Бұл заңды бұзғанмен тең. Сондай-ақ заңсыз айырбастау ұйымдарына жүгінуге рұқсат жоқ. Мамандардың айтуынша, ақшаңыздан қағылу қаупі бар, екіншіден, бұл да заңды белшеден басу деп саналады. Сондай-ақ кепілдендірілген оңай табысқа жетемін деу жаңсақ пікір. Оған қоса, цифрлық активті әлдебіреулердің басқаруына беруге тыйым салынған.
Мамандар бұл ретте бірнеше кеңес береді. Атап айтқанда, лицензиясы бар платформаларды қолданып, ақша аудармас бұрын сайттар мен реквизиттерді мұқият тексеру қажет. Сонымен бірге нарықты жіті зерттеп, жоғалтудан қорықпайтын соманы ғана криптовалютаға құйған абзал деп кеңес береді мамандар.