Маңғыстауда жасыл желек еккен тұрғын көбейді

Ақшұқыр ауылында тұратын отбасы үйінің ауласын жеміс бағына айналдырған. Жыл сайын мол өнім алып, жергілікті нарықтан төмен бағамен саудалайды.

Еңбекқор қариялар тал, гүл егуге ниеттілермен тәжірибе алмасуға да әзір. Темірхановтар әулеті тұратын үйдің ауласы ауылдың сәнін келтіріп тұр. Бағбан қариялар жайқалған бақтағы әр ағашты күнделікті күтіп-баптайды. «Арам шөп, қураған бұтағын жұлып піскен өнімді тереміз. Көгалдандыру сүйікті ісіміз» - дейді зейнеткерлер. 

Руслан Темірханов, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:

- Айва бар, алма бар. Сива бар. Алмұрт пен гранат бар. Қытайдың құрмасы бар, ол көп бізде. Жүзден артық терек бар, бұлар кішкентай. Үлкендері бірінші салынғандарынан 35-40 терек бар. 

Патимат Темірханова, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:

- Менің жолдасым — құмық, ал өзім ноғаймын. Екеуіміз де кішкентай кезімізден тал егіп, бау-бақша күтіп өскен адамдармыз. Кейбіреулер Маңғыстауда ештеңе өспейді дейді. Бірақ бұл дұрыс емес. Маңғыстауда да қарасаң, баптасаң, су құйсаң, бәрі өседі.

Жерлестері бау-бақша егу жөнінен ақыл сұрап, еңбекқор қарияларға жиі келеді. Патимат Темірханова раушан гүлін өсірудің қыр-сырын бөліссе, жұбайы көшетті дұрыс таңдаудан бастап, тыңайтқышқа дейін мән беруге кеңес береді. Ақшұқырда осы бақтан тұқым алып, өз ауласына еккен үй көбейген.

Ақтаудағы шағын ауданда да шағын бақ жайқалып тұр. Асқар Жолдасовтың жанұясы көпқабатты үйдің айналасына бұтатектес өсімдіктер мен мамыргүл егіп, балаларымен бірге күтімін қадағалап жүр.

Асқар Жолдасов, қала тұрғыны:

- Жасыл желек күтімімен айналысу отбасымыз үшін сүйікті іс. Бақ егуді екі жыл бұрын бастадық. Содан бері бір жарым сотық жерге жеміс пен тал көшеті егілді. Адамдар жұмысымызды бағалап, алғысын айтып кетеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Осылайша, өңір тұрғындары туған жерді көгалдандыруға белсене атсалысып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясына етене араласып, қоршаған ортаны абаттандыруға үлес қосқан бір топ азамат аймақ әкімдігі ұйымдастырған байқауда түрлі аталым бойынша қаржылай сыйлыққа ие болды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев